«Масканы шешуге тыйым салынғандықтан бала мектепте көз жұмған»

0
317
Сурет: Adalhelma

Желіде Италияда қайтыс болған мектеп оқушысы туралы ақпарат талқылануда. Болжамдардың бірі бойынша, ол дене шынықтыру сабағында масканы шешуге рұқсат етпегеннен кейін қайтыс болған. Бұл жалған, деп хабарлайды stopfake.kz сайты. 


2020 жылдың қараша айының соңында Италияда 10 жасар қыз дене шынықтыру сабағында көз жұмған. Алайда өлімге ішкі ағзалардың патологиясы себеп болған.
Бала қайтыс болған күні ол сабақ барысында жарақат алған болуы мүмкін деп хабарланды.

Алайда, кейіннен онда ішкі ағзалар патологиясы болғаны анықталды. Бұл мәйітті тексеру барысында расталды. Өткен жылдың 27 қарашасында La Sicilia басылымы аутопсия қорытындысын жариялады. Мақалада табиғи себептердің баланың өліміне әкелгені жазылған.

Өлген кезде қыздың маскада болған-болмағаны туралы еш жерде хабарланған жоқ. Асфиксия белгілері денеде де, мәйітті тексеру кезінде де табылған жоқ.

Олай болса, баланың мезгілсіз қайтыс болуына маска себеп болды деген пікір – желі қолданушыларының жорамалдары.

COVID диссиденттерінің балалар өлімі туралы ақпаратпен манипуляциялау әрекеттері бұған дейін де болған. Олар Германияда 13 жасар қыз маска тағуға мәжбүр болғандықтан мектеп автобусында көз жұмғандығы туралы жалған ақпарат таратқан.