Мәшһүр-Жүсіптің ұрпағы бабасының зиратын бұзғандардың аянышты тағдыры жайлы айтты

0

Ақын, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастырумен айналысқан тарихшы әрі этнограф Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының шөбересі бабасының еңбегін жинақтап, ел арасында тараған азды-көпті сұраққа жауап беріп, кітап шығарды

Ақын әрі ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтаушы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының тұңғыш ұлынан тараған ұрпағы «Ақиқат» кітабын жарыққа шығарды. Кітапта 19 ғасырда дүниеге келіп, өмірі арпалыспен тұспа-тұс келген этнографтың ерекше қасиеті мен мінезі жайлы айтылып, туған ауылында мұражай ашу кезіндегі қиындықтар мен еңбектері жарияланған. Кітап авторы, Көпейұлының шөбересі Абай Шарапиев Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат беріп, бабасының мұрасын жинақтауға не түрткі болғанын айтып берді.

Бір балам бар…

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы ғұмырында үш ұл сүйген – тұңғышы Мұхаммед Шарапи, екінші ұлы Мұхаммед Әмен, кенжесі Мұхаммед Фазыл. «Ақиқат» кітабын жинақтап, баспадан шығарған тұңғыш ұлдан тараған шөбересі – 62 жастағы Абай Шарапиев.

«Бүгінде бабамыздың артынан ерген шөбере, неменелері бар. Тұңғыш ұлынан Төлеубай, Сүйіндік, Қонақ деген үш ұл дүниеге келді. Мен сол үлкен ұлдың ұрпағымын. Екінші ұлы Әмен Ташкентте 1921 жылы мектепте мұғалім болып жүрген кезінде кісі қолынан қаза тапты. Кенже ұлы Фазыл 1969 жылы дүниеден өтті. Артында ұрпағы қалды. Бабамыздың «Бір балам бар өзіме жете туған, бір балам бар өзімнен өте туған, бір балам бар артымнан кете туған» деп үш ұлына арнаған сөзі бар», — дейді Шарапиев.

Айтуынша, Көпейұлының кенже ұлынан тарайтын ұрпақтары ақынның шығармаларын қазақ тіліне аударумен айналысады. Мәшһүр-Жүсіп қолжазбалары араб графикасымен жазылған нұсқада сақталған, қазір соны кириллицаға аударып жүр.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы жайлы жазылған Ақиқат кітабы
© PHOTO : АБАЙ ШАРАПИЕВТІҢ ЖЕКЕ АРХИВІНЕН
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы жайлы жазылған «Ақиқат» кітабы

«Ақиқат» кітабының тұсаукесері 2020 жылдың 5 маусымында өтті. Әр жылдары экономист, салық комитеті, қаржы полициясында жұмыс істеген Абай Шарапиев қазір зейнетке шыққан. Ол бабасының мұрасын жинақтап, бастыруға үш жылдан аса уақыт жұмсаған. Алайда бұл бірнеше жыл жиналған деректердің бір жерге топтасуы, деп түсіндірді Шарапиев.

«Тұңғыш ұлдан тараған Сүйіндік пен зерттеуші Нағи Ахметов бабамыздың еңбегін жинаумен айналысқан, соларды жинақтап, баспадан шығардым. Үш жылдан аса уақыт кетті. Кітаптағы деректерді бұрыннан жинап жүрдім, ара-тұра жергілікті газеттерге мақалам шықты. Мұражай қалай ашылды, бабамыздың еңбектері қалай зерттелді, кім басы-қасында болғанын жүйелеп, ретке келтіріп, кітапқа енгіздік», — дейді шөбересі.

Айтуынша, кітапты шығаруға ең алдымен бабасының мұрасын насихаттау себеп болса, екінші жағынан кейінгі жылдары ақынның мұрасына қатысты азды-көпті қате зерттеулер шығып отырған. Соған бір нүкте қойып, шынайы ақпарат жазуды мақсат еткен.

«Зерттеуші Нағи Ахметов дүниеден өткен соң Мәшһүр-Жүсіпті «мен аштым», «мен зерттедім» деген псевдозерттеушілер көбейіп кетті. Баспасөзде бір-біріне кереғар ақпарат тарады. Менің әкем Төлеубай да бабамыздың мұрасын жинаумен шұғылданған. Соның барлығын жинап, хронологиялық жақтан ретке келтірдім», — дейді ол.

 Мәшһүр-Жүсіптің музейі

1976 жылы Көпейұлының шығармаларын, өмірін зерттеумен айналысқан зерттеуші Нағи Ахметов және ақынның ұрпақтарының бастамасымен Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Жаңажол ауылында Мәшһүр-Жүсіптің музейі ашылды. Алайда үй ішінен музей ашу да оңайға соқпаған. Мәшһүр-Жүсіп діни кісі болған соң, басшылық тарапынан бастапқыда қарсылық аз болмады.

«1965 жылдан бастап музей ашу туралы бастама көтеріле бастады. Нағи Ахметов орталық партия комитетіне, жазушылар одағы съезіне хат жазды. Қазақстан компартиясына да хат жолдады. Олар Көпейұлы діни адам деп қорқып, ат тонын ала қашты. 1976 жылы бірінші мамырда Төлеубай Шарапиұлының үйінде Мәшекеңнің (Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы – Sputnik) қолданған заттары қойылып, Жаңажол ауылында музей ашылды», — деді ол.

Ал осы істің басы-қасында жүрген зерттеуші Нағи Ахметовтің әкесімен Мәшһүр-Жүсіп өте жақын қарым-қатынаста болған. Жарыққа шыққан «Ақиқат» кітабында зерттеушінің музей ашу жолында жазған хаттары, органдардан алған жауаптары көрсетілген.

Мәшһүр-Жүсіптің ерекше қасиеті

Ел арасында Мәшһүр-Жүсіп дүниеден өткен соң жылдар бойы жерленбей, беті ашық жатқаны жайлы дерек бар. Кітап авторы да бұл ақпараттың рас екенін, сонымен қатар зиратын қиратқандардың қандай қиындыққа тап болғанын толықтырып айтып өтті.

Абай Шарапиевтің айтуынша, кітапқа енген Көпейұлының ерекше қасиеттері ол кісінің көзін көрген, дәмдес, дастарқандас кісілердің аузынан естіген дерек негізінде жазылған.

«Мәшһүр бабамыздың қара қылышы бар, ол қазір музейде тұр. Сол қылышпен Ақзейнеп әжем (Шарапи Мәшһүр-Жүсіпұлының жары, автордың әжесі) әйелдерді босандыратын. Ол кезде қазіргідей медицина жоқ. Толғағы келіп, босана алмай жатқан әйелге барып, қылышпен ұшықтайтын қасиеті болды. Соны өз көзімен көрген үкіметтің дәрігері осыны кітапқа қосшы деп ұсыныс тастады», — дейді Шарапиев.

1984 жылы Ақзейнеп Мәшһүр келіні 96 жасында дүниеден өтті. Ол кісі Мәшһүр-Жүсіптің ақтық демі таусылғанша келіндік міндетін атқарып, бар жағдайын жасаған адам. Көпейұлы оған батасын берген, бойындағы қасиет атасынан берілген болуы да мүмкін.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының 62 жастағы шөбересі Абай Шарапиев
© PHOTO : АБАЙ ШАРАПИЕВТІҢ ЖЕКЕ АРХИВІНЕН
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының 62 жастағы шөбересі Абай Шарапиев

Кітапта Көпейұлының мінезі жайлы да айтылады. Ол кісі атағы жер жарып тұрса да, сараң адамдарға құран оқымайды екен.

«1907 жылы Қазан баспасынан патша үкіметінің қазақ жерін отарлау саясатын жүргізіп жатқаны жазылған үш кітабы басылып шығады. Ол орыс сарбаздарының қолына түскен соң, авторын табу туралы бұйрық шығарған. Бұл хабарды естіген бабамыз Ташкентке кетіп қалады. Ал бала-шағасы нағашыларының қолында қалып, сол үйде тәрбиеленіп жатады. Ал қайын атасы бай-бақуатты кісі екен, бірақ кемпірі сараң болған. «Мына күйеу бала сонша жыл қаңғып жүріп алды, балаларын біз асырай береміз бе» деген екен шетте жүргеніне бірнеше жыл өткен соң. Елге келген соң соның бәрін естіген Мәшһүр-Жүсіп енесі қайтыс болғанда топырағының үстіне отырып, басқа кісілерге құран оқиды екен. Енесіне құран оқымай қойған. Жанындағылар оның себебін сұраса, «сараңға дұға жүрмейді» деп айтыпты», — деп бөлісті автор Көпейұлы жайлы.

Үйім мола болмасын…

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы 1931 жылы 27 қарашада қайтыс болды. Өмірден өтерінен бір-екі жыл бұрын өзіне жер таңдап, қабірін қаздыртады. Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Жаңажол ауылының жанында өзі тұрған жердегі төбенің басын дайындайды. Екі құрылысшыны жалдап, екі бөлмелі зират салдыртады. Бір бөлмесіне өзі пайдаланған ат-арбасын, ертоқым, киім-кешегін, кітаптарын әкелдіріп, ыдыс-аяғы мен насыбайына дейін қояды.

«Көпейұлы «менің үйім мола болмасын, қонақ үй болсын» деп айтып кеткен. Басына зиярат етуге келген кісі осы бөлмеге қонып, Мәшһүр-Жүсіпке «Құдай рахмет айласын» деп үш рет айтса жеткілікті. Одан басқа ештеңе керек емес. Келген қонақтың ат арбасы, ертоқымы сынып қалса, менің заттарымды қолдануына рұқсат. Тек қайта әкеліп қойса болғаны. Менің мүлкімді пайдалануға рұқсат» деп кеткен екен», — дейді ақынның шөбересі.

Зираттың екінші бөлмесіне өзі жататын жер қаздырады, ағаш кереует қойдырады. «Ұйықтаған адамдай болып жатамын. Ашық жерлеңдер, мені төменге түсіп көруге рұқсат, тек ақыретімді жаз айларында ыстықтан сарғайса ғана айырбастаңдар, басқа түк істемеңдер» деген, деп толықтырды шөбересі.

Айтуынша, ақын өзінің қай уақытта дүниеден өтетінін сезген.

«Денем қырық жылға дейін шірімейді, оған кепілдік беремін. Қырық жылдан кейін тағы да көрерсіңдер деп айтқан. Содан 1931 жылдан 1952 жылға дейін атамыз ашық жатты. Бұл хабар Мәскеуге жеткен соң, анықтауға бұйрық шығады. «Айдалада Ленинге ұқсап қазақтың бір шалы жатыр, алып тастаңдар» деп бұйырады. Себебі діни сенім басым кезең, марқұмның басына түнеп, бала сұрайтындар да көп болған», — деп түсіндірді Шарапиев.

Содан сол кездегі Баянауыл ауданының бірінші хатшысы Макин Кенжебайға бұйрық түседі. Ол қорқып, марқұмның қасиетін білген соң біраз уақыт зиратты бұзғызбайды. Алайда бұзбасаң, партиядан шығасың деп жоғарыдағылар қорқытады.

«Қорыққанынан аудандағы белсенді біраз азаматты ертіп, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының зиратын бұзуға жібереді. Содан Мәшһүрдің кенже ұлы Фазылға, немересі Төлеубайға баста дейді. Олар өз әкемізге қол салмаймыз деп бас тартады. Ішінде шенге қызығатын кісіге жақсы қызмет ұсынған соң, ол кісі қолына қайла алып зиратты бұзады», — дейді ол.

Айтуынша, сол кісі бір айдан кейін суық тиіп, қиналып қайтыс болады. Аудандық ішкі істер халық комиссариаты шендісі де жынданып, қырық градус аязда, жалаңаяқ көше кезіп кеткен. Бірінші хатшы Макин Кенжебай суға батып қайтыс болады. Зиратты бұзуға қатысқандардың тағы бірі аң аулап жүріп, өзіне оқ атады. Енді бірі ат жарыста аттың астына түсіп, мойны бұралып өледі.

Баянауыл төңірегіндегі азаматтардың барлығы мұны біледі, деп толықтырды Шарапиев.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы 1858 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ақын, тарихшы, этнограф. Ол ел арасынан «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Көкше», «Ер Сайын», «Нәрік ұлы Шора батыр» тәрізді батырлық жырлары мен «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Алтынтас-Күмісаяқ» секілді лиро-эпостық жырларды жинаған.