«Мас деп ойлаған»: Таразда инфаркттан көз жұмған әйелдің туыстары медкөмек уақытылы көрсетілмегеніне шағымданды
Таразда ауруханада көз жұмған 46 жастағы әйелдің туыстары жанайқайын жеткізді.
Олар марқұмның өліміне жедел-жәрдем қызметкерлерінің уақытылы келмеуі себеп болғанын айтуда.
Жедел жәрдем станциясы өкілдерінің мәліметінше, аталған жайт бойынша қызметтік тексеріс жүріп жатыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қайтыс болған Людмила Остапенко үйінде жалғыз тұрған әрі әйел адамның жүрегіне екі жыл бұрын ота жасалған екен. Марқұмның туыстары отадан кейін келіншек өзін жақсы сезінгенін айтады. Қайғылы оқиға болған күні 46 жастағы әйел инфаркт алып, жедел жәрдем шақырған. Алайда марқұмның туыстары жедел жәрдем кешігіп жеткенін алға тартып отыр.
«Бір емес, үш мәрте телефон соққан. Сөйлеуге мұршасы болмай жүрегі ауыратынын әрең түсіндіріпті. Ал олар: «Сіз массыз ба?» деп сұрай берген. Менің қызым өзінің ішімдік ішпегенін түсіндіре алмаған. Содан жедел жәрдем кешігіп жетіп отыр», — дейді марқұмның анасы Наталья Остапенко.
Марқұмның жақындарының сөзінше, мұндай шақырту бірінші санатпен есепке алынып, медицина мамандары 15 минутта жетуге тиіс. Бірақ олар науқасқа «Сіз массыз ба?» деп сұрақтың астына алып, уақыт өткізіп алғанын айтып, наразы болуда. Олар Людмила Остапенко хабарласқан үш диспетчердің үшеуі де аталған сұрақты қайталаумен болғанын айтып отыр.
Марқұм жедел түрде кардиобригаданы жіберуді өтінгеннен кейін ғана, жедел жәрдем бригадалары көмекке шыққан, дейді туыстары.
Белгілі болғандай, медицина қызметкерлері марқұмның өмірін сақтап қала алмаған. Людмила Остапенко кардиологиялық клиникада жүрегі тоқтап, қайтыс болған.
«Хабар түскен уақытта, әр нәрсені сұрай бермей, дереу жетсе, сіңлімді аман алып қалуға болар еді. Біз кінәлілерді қатаң жазаға тартуды талап етеміз. Жауапсыз диспетчерлермен қатар, олардың басшылары да жазасыз қалмауға тиіс. Бұл бәріне сабақ балуы керек», — дейді марқұмның әпкесі Ирина Шаевская.
Жедел жәрдем станциясының басшылығы аталған жайтқа қатысты пікір білдіріп, қызметтік тексерік жүріп жатқанын мәлім етті.
«Қоңырау екінші санатпен қабылданған. Өйткені науқастың өзі телефон соғып тұрды. Дегенмен қазір осы іске қатысты қызметтік тесеріс жүріп жатыр. Диспетчердің кінәсі бар-жоғы соның қорытындысы шыққанда белгілі болады», — дейді Жамбыл облысы жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Гүлзахира Қызқараева.
Ал марқұмның туыстары аталған істі жай қалдырмайтынын айтып отыр. Олар «сот арқылы кінәлілерді жазалауды талап етіп, қомақты материалдық шығын өндіреміз» дейді.
Сонымен қатар, 46 жастағы келіншектің жақындары аталған өтемақыны жүрегі ауыратын өзге жандарға үлестіретінін мәлімдеді.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Автор: Әсел Найман қызы