Марқакөл — Шығыс Қазақстандағы табиғат жауһары
Қорық Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Марқакөл көлінің маңында орналасқан. Табиғаты ерекше қорықта сан алуан өсімдік, аң-құс, балық пен түз жануарының көп түрі мекендейді.
Қорық 1976 жылы 4 тамызда Алтай-Саян таулы аймағының табиғи байлығын қорғау мақсатында құрылған. Қорықтың жалпы ауданы 71 мың гектардан асады, оның 44 гектарын су айдыны алып жатыр. Қорық оңтүстік-шығыс жиек пен Азутау тау қыратының солтүстік бөлігі деп екіге бөлінеді. Теректі өзенінің жазығы мен Күршім тау жотасының су айрығы да осы бөлікке кіреді.
Негізгі жер бедері түрлі-түсті қыналы-мүкті тундра топырағынан тұрады. Қалың тайганы әдемі Сібір балқарағайы басқан. Балқарағайдың қасында дәрілік шөпке бай еңіс тау шалғыны гүлдеп тұр. Мұнда ірі жапырақты сарғалдақ, ақгүл, маралшөп, бадан мен итмұрын өседі.
Қорықтың солтүстік бөлігінде самырсын мен балқарағай ағашының жас көшеттері бар. Оңтүстік Алтай шыңдарында шырша мен самырсын қарағайы безендірген қылқанжапырақты қалың орман өседі. Әртүрлі шөп арасынан екі метрлік қарақат бұтақтары, таңқурай бұтасы, ырғай мен тобылғы тоғайлары көзге көрінеді.
Мұнда Қызыл кітапқа кірген өсімдіктерден – Сібір иттісі, тәтті астрагал, қызғалдақ, дала пеоны және Алтай рауғашы кездеседі.
Марқакөл қорығының көп бөлігін су алып жатыр. Ең үлкені – Марқакөл көлі. Ол күмбез бейнелі Күршім тауы мен Азутау арасында 46 мың гектар аумаққа жайылып жатыр. Көлдің тереңдігі 27 метрге дейін жетеді. Көлге 95 судың арнасы келіп құйса да, одан бір ғана Қалжыр өзені ағып шығады. Судың түсі тәуліктің мезгіліне және ауа райына байланысты өзгереді. Күн батар уақытта көлде көгілдір немесе алтын түсті болса, ауа райы нашар кезде күміс түс байқалады.
Марқакөл көлінде арқанбалық тұқымдастарына жататын майқан балығы кездеседі. Ол көлдің ең басты байлығы болып саналады. Сол себепті көл маңына көп адам қоныстанған.
Дереккөз: Baribar.kz