Марғұлан Сейсембай: Парламентке халық емес, билік таңдаған адамдар өтті

0

«Қазақстанның өзіндегі ауқатты олигархтарды алып қарасақ, араларында қазақтар мүлде жоқ десе де болады: Машкевич, Шодиев, Ибрагимов, Ким, Миттал… Қазақ – Қазақстанда олигархтық деңгейде бай бола алмайды. Бай болу үшін, сен «отбасы» мүшесі немесе қазақ емес болуың шарт», – деп саясаткер-қаржыгер, танымал бизнесмен Марғұлан Сейсембай Exclusive.kz порталына тұжырымды сұхбат берген екен.

Ескерте кетейік, журналист Қарлығаш Еженова жүргізген бұл видеосұхбат Қазақстандағы үкіметтің кеңейтілген отырысы мен Ресейдегі митингілер толқынына дейін алынған еді. Қазақ тілді оқырмандарға қызығушылық тудырады деген оймен біз осы сұхбаттың аудармадағы нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Бірінші кезекте жуырда өткен парламент сайлауына қатысты пікіріңізді білгім келіп тұр.

– Мен осыған қатысты өзімнің ойымды «Фейсбуктағы» парақшамда «сайлау болды, бірақ таңдау болған жоқ» деп ашық жаздым. Іс жүзінде парламентке халық емес, билік таңдаған адамдар өтті. Жай сөзбен айтқанда, бір нотариусты басқа нотариусқа алмастырдық. Ал одан парламент сапалы болып кетпейді. Әрине, парламенттің декорациясы біршама өзгерді. Жаңа парламентке үш партия өткенімен, ол үшеуінің де тамыры бір жерден тарап жатқаны бәріне түсінікті. Жаңа парламент өз шешіміне тәуелсіз бола алады деп өзімізді алдамайық, бұл парламент те бұрынғыдай нотариалдық функциялар орындайтын орган болып қала береді. Өйткені біздің парламент атқарушы билік жүйесінің бір бөлігі болып кеткен. Сондықтан жаңа парламент өзгерістер жасайды деп өзімізді алдарқатудың қажеті жоқ. Бұл нақты істер жасайтын парламент емес.

– Мен сізбен келіскеніммен, бойымда бір оптимисік үміт сезімі бар: өйткені еліміз бұдан былай бұрынғыдай болмайды деп ойлап жүрмін. Әлде мен қателесем бе?

– Кез келген мемлекет, тірі организм сияқты эволюциялық даму жолымен өтеді. Әрине, бүгінгі Қазақстан осыдан бір-екі жыл бұрынғы Қазақстан емес. Жаңа парламент сол қалпында қалды деп айтқаныммен, сәл де болса сапалы өзгерісі бар. Өйткені бұл жолы оның құрамына жаңа ойдағы, білікті, әрі білімді адамдар кірді. Мысалы – Айдос Сарым. Оның көзқарастарының өзгергендігіне қарамастан, ол өте білімді саясаттанушы. Ең құрығанда, жаңа парламентке жаңа адамдар келді деп айтудың реті бар.

Негізгі мәселе парламент құрамының сапасында да емес, мәселе – оларға бейресми түрде айтылатын регламентте. Иә, «декорация» еті тірілеу, ақылдырақ болып көрінуге тырысады, алайда сол баяғы нотариалдық кеңсе болып қала бермек.