Марғұлан Сейсембай сайлау туралы: Түңілді. Турасын айтқанда, халық өзінің таңдауын білдіру мүмкіндігінен айырылды
Белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембай Exclusive.kz басылымына берген сұхбатында жуырда өткен сайлау тақырыбына да тоқталды. Ол халықтың дауыс беруге бармауын әділеттіктен көңілі қалғанмен түсіндірді.
– Бірінші кезекте жуырда өткен парламент сайлауына қатысты пікіріңізді білгім келіп тұр.
– Мен осыған қатысты өзімнің ойымды «Фейсбуктағы» парақшамда «сайлау болды, бірақ таңдау болған жоқ» деп ашық жаздым. Іс жүзінде парламентке халық емес, билік таңдаған адамдар өтті. Жай сөзбен айтқанда, бір нотариусты басқа нотариусқа алмастырдық. Ал одан парламент сапалы болып кетпейді. Әрине, парламенттің декорациясы біршама өзгерді. Жаңа парламентке үш партия өткенімен, ол үшеуінің де тамыры бір жерден тарап жатқаны бәріне түсінікті. Жаңа парламент өз шешіміне тәуелсіз бола алады деп өзімізді алдамайық, бұл парламент те бұрынғыдай нотариалдық функциялар орындайтын орган болып қала береді. Өйткені біздің парламент атқарушы билік жүйесінің бір бөлігі болып кеткен. Сондықтан жаңа парламент өзгерістер жасайды деп өзімізді алдарқатудың қажеті жоқ. Бұл нақты істер жасайтын парламент емес.
– Мен сізбен келіскеніммен, бойымда бір оптимисік үміт сезімі бар: өйткені еліміз бұдан былай бұрынғыдай болмайды деп ойлап жүрмін. Әлде мен қателесем бе?
– Кез келген мемлекет, тірі организм сияқты эволюциялық даму жолымен өтеді. Әрине, бүгінгі Қазақстан осыдан бір-екі жыл бұрынғы Қазақстан емес. Жаңа парламент сол қалпында қалды деп айтқаныммен, сәл де болса сапалы өзгерісі бар. Өйткені бұл жолы оның құрамына жаңа ойдағы, білікті, әрі білімді адамдар кірді. Мысалы – Айдос Сарым. Оның көзқарастарының өзгергендігіне қарамастан, ол өте білімді саясаттанушы. Ең құрығанда, жаңа парламентке жаңа адамдар келді деп айтудың реті бар.
Негізгі мәселе парламент құрамының сапасында да емес, мәселе – оларға бейресми түрде айтылатын регламентте. Иә, «декорация» еті тірілеу, ақылдырақ болып көрінуге тырысады, алайда сол баяғы нотариалдық кеңсе болып қала бермек.
– Бейресми мәліметтерге сүйенсек, халықтың сайлауға қатысуы өте төмен болған. Сол күні Қырғызстанда өткен президент сайлауына да дауыс берушілер аз келген. Бұны немен түсіндірер едіңіз?
– Дауыс берушілердің сайлауға қатыспауының ең басты себебі – халықтың түңілуі. Біздің жағдайда ол таңдаудың жоқ болуымен байланысты. Адамдарың көбі – мен сайлауға барғанымнан түк шықпайды деп ойлады. Оның үстіне /бюллетеньде/ «барлығына қарсымын» деген нұсқаның болмауы да әсерін тигізді. Турасын айтқанда, халық өзінің таңдауын білдіру мүмкіндігінен айырылды. Осылайша олар өздерінің қарсылығын сайлауға бармаумен білдірді.
– Бұл /жаңадан тағайындалған/ үкіметті осы уақытқа дейін өзінің міндетін толыққанды атқара алмады деп айыптағанмен, бір-екі ауыс-түйісті есептемегенде, сол баяғы құраммен өз жұмыстарына кірісіп кетті. Ал бүгінде қоғамның өзі мемлекетіміздің болашағы туралы ойларын айқындай алмай отыр. Неге олай?
– Еліміздің болашақтағы кейпі қандай болу керек деген түсінік тек билік басындағылардың ойында бар. Өкінішке орай, біз сол биліктегілердің сценарийіне бой ұсынып келеміз. Бұл біздің емес, биліктегілердің ойыны болып тұр, ал біз тек көрерменбіз. Сахнада сол баяғы көз үйренген бір топтың мүшелері ғана бір-бірімен ауысып-түйісіп, лауазымды орындарымен алмасып жатады. Үкіметтің жұмысын бағалайтын да біз емес. Биліктегілердің сценарийлері көп жағдайда қарапайым халықтың ойымен сәйкес келмегендіктен, халық өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығара алмай отыр. Оған /билік/ мүмкіндік те бермейді.
– Қазір тіпті биліктің жоспарлаған мақсаттарынан да ауытқып кеткеніміздің белгілері байқала бастады…
– Шыдамы таусылған халық міне-міне көтеріледі, бәрі өзгереді деп үміттеніп келеміз. Олай болмайды. Билік бұқараны басқарудың екі басты ережесін жақсы меңгеріп алған. Біріншісі – бөліп ал да, билей бер. Сол себепті де Қазақстанда біріккен, тұтасқан үлкен қозғалыстар тобы мен партиялар жоқ. Өйткені билік адамдардың бірігуін қаламайды. Екіншіден, халқыңа билігіңді жүргізем десең, санасын – бос, ал қарынын – тоқ ұста деген сөз бар. Бұл әдісті біздің билік жақсы меңгерген. Сондықан жыл сайын бюджеттік мекемелер қызметкерлеріне айлықтарын аздап көтере отырып, қарындарын біршама тойдырып, саналарын бос ұстайды. Осы жағдай көпшілікті қанағаттандырып келеді. Біздің қоғам пісіп-жетілмейінше, билік өз еркімен ешқашан өзгермейді.
Негізі, мемлекетті басқарудың бес түрі бар. Олар пирамида тәріздес. Ең үстіңгі деңгейде – бір адамның диктатурасы. Одан бір саты төменде – коллективтік диктатура орналасқан. Қазақстан /бүгінде/ бір адамның диктатурасынан коллективтік диктатураға аяқ басты. Бізде қазір екі президент болғандықтан, /биліктің/ шешім қабылдау жүйесіне біршама адам жұмылдырылған. Бұл жүйеге адамдар неғұрлым көп тартылған сайын, осы үрдіс дами береді.
Коллективтік диктатурадан кейін коллективтік демократия орнығады. Бұған мысал ретінде Украинадағы кландық демократияны келтіруге болады. Мұнда мемлекеттік басқару жүйесі бірнеше олигархтық топтардың қолында. Депутаттар мен үкімет мүшелері – солардың адамдары. Қырғызстандағы жағдай да осы тәріздес.
Төртінші деңгейде классикалы өкілетті демократия орнығады. Бұл жүйеде біз сайлаған депутаттар парламентте біздің мүддемізді қорғайды. Осының ішінде басқару жүйесінің ең мінсіз түрі – тікелей демократия. Мысалы, Швейцарияда маңызды мәселелердің басым бөлігін референдум арқылы халықтың өзі шешеді.
Тағы бір қайталап өтейін: Бір адамның диктатурасы; Коллективтік диктатура; Коллективтік демократия; Өкілетті демократия және Тікелей демократия. Біз бір адамның диктатурасы мен коллективтік диктатураның өтпелі кезеңінде тұрмыз. Украина мен Қырғызстан коллективтік демократия жағдайында.
Бір айта кететін жайт – осы аталған жүйелердің қай-қайсысы болмасын, өзінің үстемдігін мейлінше ұзақ мерзімге орнатқысы келеді. Сондықтан азаматтық қоғам пісіп-жетілмейінше, өзіне жауапкершілік алып, талаптарын қойып, белсенділік танытпайынша, билік жүйесі өзгермейді.
– Халықтың пісіп-жетілуін қалай түсінесіз және оның радикалды протест түрлерімен байланысы бар ма?
– Азаматтық қоғамның дамуы барысында жаңа қоғам қайраткерлері мен белсенді азаматтар көптеп пайда болады. Билік бұған барынша қарсылық көрсетуге тырысқанымен, азаматтардың белсендіктілері арта түседі. Осы кезде адамдар материалдық қажеттіліктерден гөрі, рухани құндылықтарға көбірек көңіл бөледі. Халықтың қазіргі талаптарына қарайтын болсақ, кредиттік амнистия жариялау, әлеуметтік көмек көлемін ұлғайту деген сияқты экономикалық мәселелерді қамтиды.
Осы тұрғыда бостандық, бақытқа құлшыныс, адам құқығы, жеке меншікке қол сұқпау секілді дүниелер аз айтылып жүр. Айтылса, тек қоғам белсенділерін қамаған кезде ғана айтылады. Сондықтан халық өз талаптарына қатысты пісіп-жетілмейінше, күнделікті қажеттілік шеңберінен шығып, рухани құндылықтарға бас бұрмайынша, ешнәрсе өзгермейді.