Марат Жыланбаев депутаттық төсбелгісін сатылымға шығарды

0

Атақты қазақстандық марафоншы Марат Жыланбаев Екібастұз мәслихатындағы депутат кезінде алған алтын төсбелгіні сатылымға шығарды, деп хабарлайды kznews.kz сайты orda.kz сайтына сілтеме жасап.

Гиннесс кітабының жеті дүркін рекордсмені сату туралы хабарландыруды өзінің Facebook және Instagram парақшаларына жариялап, бастапқы бағасын 100 мың теңге екенін айтты. Спортшының айтуынша, ол 375-ші сынамадағы алтыны бар алты граммдық төсбелгісін 2003 жылы Екібастұз мәслихатының депутаты болып қайта сайланған кезде алған.

«Бұл төсбелгінің қандай ақшаға сатып алынғаны әлі күнге дейін құпия. Заң бойынша мәслихат депутаттарына алтын төсбелгі берілмейді. Бірақ сол кезде әкімдікте Екібастұздың барлық 17 депутатына алтын төсбелгі берілді. Біз оған ақы төлемедік. Қазір ол қажетсіз жатыр. Оған қоса бұл төсбелгімен байланысты жағымсыз естеліктер бар. Сондықтан да оны сатуға шығардым», – деді Жыланбаев.

Марат Жыланбаев әлемдегі ең ірі шөлдерді жалғыз өзі жүгіріп өткен жалғыз спортшы. Ол Қарақұм, Сахара, Үлкен Виктория, Невада сияқты шөлдерді еңсеріп, Гиннестің кітабына енген, әлем бойынша жеті рекорд орнатқан. Жыланбаев жер бетіндегі ең мықты және ең шыдамды адам деп танылды. 1995 жылы ол үлкен спортты тастап, қоғамдық қызметпен айналысты.