Марат Әйтенов уақытша ұстау изоляторына қамалды
Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Мұрат Әйтеновтің туған ағасы Марат Әйтенов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Kznews.kz.
Мұндай ақпаратты Астана қалалық полиция департаменті таратты. Сондай-ақ департамент атышулы осы оқиғаға қатысты ақпарат желіде желдей ескен соң тергеу амалдары да басталғанын мәлімдеді.
М.Әйтеновтің үстінен «Отбасы-тұрмыстық қатынастары саласындағы заңға қайшы келетін әрекеттері фактісі негізінде әкімшілік іс қозғалып отыр.
«Ол уақытша ұстау бөлмесіне орналастырылған. Материал сотқа жіберілді. Сонымен қатар дене күшін қолдану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», — деп хабарлады полиция.
Еске сала кетсек, жұма күні М.Айтеновтің бұрынғы жұбайын балаларымен бірге үйден сүйреп шығарып жатқан видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Ал ертесі күні жәбірленуші әйел әлеуметтік желі арқылы Мемлекет басшысынан көмек сұрап, үндеу жариялады. Әйелдің айтуынша оның бұрынғы күйеуі соңғы жылда олардың өмірін тозаққа айналдырып жіберген.