Марафоншы Марат Жыланбаев туралы — 2018 жылғы ақпарат

0

Фото: Ⓒ Марат Жыланбаевтың жеке мұрағатынан

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ол – Қарақұмды, Сахараны, Үлкен Виктория мен Ажал алқабы шөлдерін жүгіріп өткен жалғыз марафоншы. Оның шөл далада жасаған рекордын әлі күнге дейін ешкім жаңарта алған жоқ. Ол – қазақтан шыққан желаяқ, супермарафоншы Марат Жыланбаев.
Марат неге сурет салудан спортқа ауысты? Марафон кезінде қандай оқиғаларды бастан кешті? Оның жаттығу техникасы несімен ерекше? Ол үшін жүгіру деген не?

«Сурет салуды өз бетімше меңгердім»

BAQ.KZ: — Харуки Муракамидің «Мен жүгіру туралы сөз еткенде не ойлаймын» атты кітабында: «Кейбір жүгіруді жақсы көретіндер өмірін ұзарту үшін бәріне дайын адамдар екенін айтып күледі. Шын мәнінде жүгірудегі мақсат – өмір жасыңды ұзарту емес, өмір сапасын жақсарту» дейді. Сіз үшін жүгіру деген не?
Марат:— Мен үшін жүгіру – дәрі: орынды қолдансаң – емделесің, орынсыз қолдансаң – өлесің. Ағзаңыз ішкен-жегенді, ұйықтағанды және ештеңе істемегенді жақсы көреді, ол «жалқаулық» деп аталады. Көбі жүгіру дегенді ауыздан көбік аққанша шаршау, дене мүшелеріңнің ауырсынуы деп түсінеді. Бұл түбегейлі қате түсінік. Жүгірудегі мақсатым – адам ағзасы кез келген жағдайға төзе алатынын дәлелдеу.

Марат Жыланбаев. 02.12.2018 - Астана қаласы. Ⓒ Нұржас Жақсыбай,. BAQ.KZ
Марат Жыланбаев. 02.12.2018 — Астана қаласы. Ⓒ Нұржас Жақсыбай,. BAQ.KZ

BAQ.KZ: — Спортшы болу — бала арманыңыз ба?
Марат: — Менің арманым – суретші болу еді. Ол арманым орындалды. Алдымен анам, кейін әкем бақилық болып, жеті жасымда жетімдіктің дәмін таттым. Бес ағайынды едік: үйдегі үлкен үшеуімізді Қарағанды облысы, Саран қаласындағы №1 жетімдер үйіне өткізіп, кіші екеуін туыстарымыз асырап алды. Күйзеліске түскенім сондай, сабақ оқи алмадым. Бар білетінім – ең соңғы партаға отырып алып, сурет салу. Анам көзі тірі кезінде бізге сурет салдыратын. Маған, «балам, сен суретті жақсы саласың. сен суретші боласың» дейтін. Оның сол сөзі жадымда жатталып қалып, мұғалім ұрысса да, бұрышқа тұрғызса да, қағазымды тартып алса да сурет салуды жалғастыра бердім. Бірінші сыныпты кілең екімен бітірдім, тек сурет сабағынан бес алдым.

«Бірінші сыныпты «2» деген бағамен бітірдім»

BAQ.KZ: — Демек, күйзелістен шығуға сурет салу көмектесті ғой?
Марат: — Біз оқыған мектеп-интернатта «А» және «Б» сыныбы ғана болатын. «А» сыныбында жетімдер үйінің, көпбалалы отбасыдан шыққан және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары оқыса, «Б» сыныбында ақыл-есі кем, аутизм, даун синдромы, шизофрения диагнозы қойылған балалар оқитын. Оқу жылы аяқталар кезде біздің денсаулық жағдайымызды тексерген дәрігерлер маған екінші сыныпқа көшпейтінімді немесе «Б» сыныбына ауыстырылатынымды айтты. Қандай шешім қабылдаса да маған бәрібір болды. Сол кезде тәрбиешім мектеп басшылығына менің ақыл-есім дұрыс екенін айтып, екінші сыныпқа көшіруге көндірді. Келесі жылдан бастап үшпен оқи бастадым. Төртінші сыныптан бастап кітапханаға барып, сурет салуға, танымал тұлғалардың өмір жолына қатысты барлық кітапты оқыдым. Кітапханашы маған кітап оқуды ертегі оқудан бастау керек екенін айтатын. Кітап оқу арқылы кез келген танымал тұлға дәл өзім сияқты ет пен сүйектен жаралған, бойында дарыны бар, бірақ көп еңбектенетін адам екенін түсіндім. Сөйтіп сурет салуды өз бетіммен меңгеріп алдым. Кейін оқушылар сарайына сурет үйірмесіне барған кезде мұғалім менің салған суретіме қарап: «саған үйрететін ештеңе жоқ. бәрін өзің біліп тұрсың» деді. Мектеп-интернатта менің мінездемемде «суретті жақсы салады. Интернаттан қашып кетуге бейім» деп жазылған. Шынымен, күн жылына қалса интернаттан қашып кететінмін. Жетімдер үйінде қонғаннан гөрі, далаға қона салуды артық көретінмін.

Марат Жыланбаев

Марат Жыланбаев

Марафондағы ең алғашқы жеңіс

BAQ.KZ: — Сурет салудан спортқа ауысуыңызға не түрткі болды?
Марат: — Сурет салуды меңгеріп алған соң дене шынықтыру факультетіне оқуға түстім. Сол кезде де болашақта суретші болатыныма сенімді болдым. Суретті салып қана қоймай, шетелге қомақты қаражатқа сататынмын. Ақшам көп болғаны сондай, оңды-солды шаштым. Пәтер емес, коттедж жалдап тұрдым. Кейін сурет шеберханасын аштым. Ол кезде нәтиже үшін емес, денсаулық үшін жүгіретінмін. Спорттық бағдарлау бойынша КСРО-ның жасөспірімдер арасындағы жеңімпазы болдым. Жаттықтырушым маған жүгіру дайындығы жетіспейтінін айтты. Содан марафон тобына ауыстым. Жүгіре беруден де жалығады екенсің. Марафоннан шықпақ болып жүргенде жаттықтырушым «Марат, сен әлсіз адамсың. Осы топтан бірінші болып шығып қалатыныңды сезіп жүрмін» деді. Оның мені қайрау мақсатында айтқан сөздері намысыма тиіп, нәтиже үшін жүгіре бастадым.

BAQ.KZ: — Ең алғаш қатысқан марафон есіңізде ме?
Марат: — Алғаш рет 1982 жылы Қарағандыда болған марафонға қатыстым. Бұрынғы ереже бойынша, марафонға тіркелген соң 21 шақырымға дейін жүгіріп, тоқтауыңа болатын еді. 21 шақырымға таяғанда жаттықтырушым тоқтауым керек екенін айтты, ал ары қарай жүгіргендер мәреге жетпей қалды. Сөйтіп бірінші орын алдым.

Марат Жыланбаев Ажал алқабында

Марат Жыланбаев Ажал алқабында

«Тоқтамай күліп, тоқтамай жыладым»

BAQ.KZ: — Сіз үшін қиыны қай марафон болды?
Марат: — 1993 жылы әлемдегі ең үлкен шөл – Сахараны 24 күнде жүгіріп өттім. Құрмадан аллергия болып, үсті-басым бөртіп кетті. Күндіз жүгірсем, түнде ұйықтай алмаймын. Үсті-басым қышып, мазам қашты. Бір күні таңертең себепсізден күле бастадым. Тоқтаусыз күлдім. Одан кейін тоқтаусыз жыладым. Жылап болған соң қайтадан тоқтаусыз күле бердім. Осылай бірнеше рет қайталанды. Не себепті олай болғанын білмеймін, бірақ сол жағдайдан кейін жаным тынышталып, аллергиям жоғалып кетті. Бұл марафон осы оқиғамен есімде қалды.

Марат Жыланбаев СахарадаМарат Жыланбаев. Сахара шөлі

BAQ.KZ: — Жеңіске деген құмарлық, бірбеткейлігіңіз кімнен дарыған қасиет?
Марат: — Бұл атамнан дарыған қасиет. Біздің тегіміз Жыланбай деп жазылады, бірақ бабамыздың азан шақырып қойған аты олай емес. Туыстарымның айтуынша, күндердің бір күнінде атамның шаштары түсіп, қолдары ақтаңғалақ бола бастапты. Алапес дертіне шалдыққан деп қорыққан ауылдастары атамды ауылдан аластатқан екен. Содан атам Кент тауларындағы үңгірде тұрып, жылан аулап күнелткен. Бір жылдан кейін шашы өсіп, ақтаңғалағы кете бастағанын көрген ауылдастары оны қайтадан шақырып алған. Содан оны Жыланбай деп атап кеткен және біздің тегіміз де Жыланбай деп жазылған.

«Мақсат – мүмкіндік шегінен шыға жаттығу»

BAQ.KZ: — Марафоншылар клубын құрып, жаттықтырушы болу туралы ой қайдан келді?
Марат: — 1986 жылы Екібастұз қаласындағы саябақта қасымнан қыз бен жігіт жүгіріп өтті. Оларды тоқтатып, жүгіру техникалары дұрыс емес екендерін айттым. «Бұлай жүгіре берсеңдер көп ұзамай тізелеріңді шығарып аласыңдар» деп едім, олар маған сыпайы айтқанда «шаруаң қанша!» деді де, кетіп қалды. Сол кезде марафоншылар клубын ашу туралы ой келді. Бар білгенімді тегін үйреттім. Демеушім «Adidas» фирмасы болды. 42 шақырымдық марафон ұйымдастыра бастадым. Оған Кеңес Одағы бойынша марафоншылар келетін. «Жигули» көлігін, «Урал» мотоциклін бәске тіктім. Екібастұз қаласында өтетін марафонға Мәскеуден спорт тілшілері келетін. Спорт рейтингі бойынша біздің марафон клубы КСРО-дағы ең мықты он клубтың қатарында болды.

BAQ.KZ: — Өзіңіз ойлап тапқан жүгіру техникасы неге негізделген?
Марат: — Мүмкіндіктің шегінен шыға жаттығуды мақсат тұттым. Жүгіру техникамды жақсарту үшін бір жыл бойы қыста да, жазда да, асфальт жолда да, тас жолда да жалаң аяқ жүгірдім. Қарағанды, Мәскеу, Целиноград, Алматы және басқа қалаларда өткен алты марафонды жалаң аяқ жүгіріп шықтым. Біздің марафоншылар аптасына 50-70 км жүгіреді, ал айтарлықтай нәтиже болу үшін күніне 70-80 км жүгіру керек. Өзім ойлап тапқан жаттығу жүйесін «Советский спорт» газеті мен «Бег и мы» журналына жарияладым. Оны бүкілодақтық жаттықтырушы Федор Склокин мен әлемнің бес дүркін чемпионы Виталий Ковельге жібердім. Олар «Бұлай болуы мүмкін емес» дегенде, мен «Күтіңдер! Келесі жылы мен мықтырақ болам» дедім.

«Денеңді бос ұста, ләззат ал»

BAQ.KZ: — Жүгірген кезде ең басты ескеретін жайт не?
Марат: — Ең бастысы – жүгірер кезде қанша қашықтықты жүгіріп өтетініңді білуің керек және ауа райы жағдайына байланысты күшіңді, деміңді дұрыс есептеуің қажет. Содан кейін бойыңды бос ұстап, жүгіруден ләззат алу керек.

BAQ.KZ: — Сырт көзге қарағанда жүгіру – арнайы жаттықтырушыны қажет ететін спорт түріне ұқсамайды. Шын мәнінде қалай?
Марат: — Жаттықтырушысыз алыс қашықтыққа жүгіргендердің 70 проценті тізе, омыртқа жарақатын алып, тіпті жүректеріне зақым келтіріп алады. Сондықтан жаттықтырушымен бірге дайындалу – өте маңызды. Әлеуметтік желілерде маған жүгіруге қатысты көп сұрақ қойылады. Неге Google-дан қарай салмайды деп ойладым да, өзім де қарап көрдім. Түсінгенім: ғаламторда жүгіруге қатысты ақпараттың көптігі сондай, қайсысы жалған ақпарат, қайсысы дұрыс ақпарат екенін айыру оңай емес.

«Түнде ұйықтай алмайтын адам – жалқау адам»

BAQ.KZ: — Қандай жаттықтырушысыз?
Марат: — Ауа райы жағдайына байланысты жаттығуды басқа күнге ауыстырмаймын. Ауа райы жағдайына қарамай, жаңбырлы, желді, аязды, боранды, қарлы ауа райында да жүгіре береміз. Түнде ұйықтай алмайтын адам – жалқау адам. Бұрын мен де түнде ұйықтамайтынмын. Суреттерімді түнде салып, ертеңінде жайырақ тұратынмын. Түнгі ұйқы дұрыс болмаса, түскі уақытта тұрсаң да, ұйқың қанбай, күні бойы дел-сал күйде жүресің. Мен бұл күйді жақсы білем. Қазіргі уақытта таңғы 03:55-те тұрып, түнгі 22:00-де ұйықтаймын. Шәкірттерім де осы уақытта тұруды үйреніп алды.

BAQ.KZ: — Жаттығу тәртібі қандай?
Марат: — Әр топқа ары кетсе 15 адамнан аламын. Аптасына үш рет жаттығады. Күн сайын таңғы 05:00, 06:00, 07:00, 08:00-де жаттығатын топтар кезек-кезек келіп тұрады. Жақын қашықтықта қалай жүгіру керек екенін дұрыстап үйрену керек, ал алыс қашықтықта қалай жүгіру керек екенін екінің бірі біле бермейді. Жаттығудан қалмайтын адам ғана жақсы нәтижеге жетеді. Жалпы, әрекет етпей, дәрі ішу арқылы денсаулығын жақсартып, дәрі салғысы келетін адамдарға өзім ойлап тапқан екі дәрі ұсынам, олар: «Нежратин», «Бегатин» деп аталады.

«Жүгіретіндер қатары көбейіп келеді»

BAQ.KZ: — Шәкірттеріңіздің ең кішісі мен үлкені неше жаста?
Марат: — Астанадағы бірнеше мектепте оқушыларға дұрыс жүгіру жүйесін үйретіп жүрмін. Шәкірттерімнің ең үлкені – 67 жаста. Шәкірттерімін ішінде құрылысшылардан бастап, мұғалім, дәрігер, психолог мамандар, депутат, министрлер бар. Олар бір ай жаттығудан кейін өз беттерімен 10 шақырым қашықтықта жүгіре алады. Алдыма келген адамның қай жері ауыратыны, темекі шегетін-шекпейтінін бірден білініп тұрады. Темекі шекпей, диванда аяқ көтеріп қойып жататын адамнан гөрі, темекі шексе де, жүгіретін адам артығырақ. Себебі жүгірген кезде адамның өкпесі тазарады. Варикоз, майтабан, бүйрек ауруы және басқа да дерттері барлар келіп, сауығып кеткендері болды.

BAQ.KZ: — «Осының бәрі не керек? Бір сәт дамылдайыншы!» деген кезіңіз болды ма?
Марат: — Ондай кездер бәрінде болады және бұл да жалқаулық деп аталады.

BAQ.KZ: — Сіздің балалық шағыңызда спортпен айналысуға жағдай жасалмады, бірақ қатарластарыңыз спортқа құмар болды. Ал қазір барлық жағдай жасалған, бірақ есірткі егетіндер, темекі шегетіндер баршылық. Мұның себебі неде?
Марат: — Мұның да себебі – жалқаулық. Біздің кездегі балалар қазіргі балалардай білімді болған жоқ, бірақ спортқа жаны құмар болды. Қазіргі балалар білімді, бірақ ненің пайдалы, ненің зиянды екенін жақсы білсе де, іс жүзінде ештеңе істемейді. Басыңда бар білімді қолдана білмеуден асқан зиянды нәрсе жоқ. Артрит, артроз сияқты тек ересектер ауыратын аурумен ауырады. Бұл неден? Саламатты өмір салтын ұстанбаудан. Дегенмен, былтыр осы уақытта жүгірумен айналысатын 1 топ қана болса, биыл 4 топ бар. Бұл жақсылықтың белгісі.

«Марат, бәрі жақсы болады!..»

BAQ.KZ: — Бала кедегі Маратқа хат жазсаңыз, не жазар едіңіз?
Марат: — Адамдардың көбі өткенге оралып, бірдеңе өзгерткісі келеді. Бірақ, бұл – менің жағдайымда емес. Сынақ – әрдайым қиын, бірақ сынақсыз өмір – өмір емес. Сондықтан балалық шағымдағы Маратқа «Бәрі жақсы болады!» деп айтар ем…

BAQ.KZ: — Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз.
Марат: — Жұбайым, төрт қызым, бір ұлым, немерем және 36 кроссовкам бар. Балаларым саламатты өмір салтын ұстанады, бірақ спортпен мен сияқты кәсіби түрде айналыспайды.

BAQ.KZ: — Қандай жоспарларыңыз бар?
Марат: — Барлық Қазақстандықты дұрыс жүгіруге үйреткім келеді. 23 желтоқсанда қысқы марафон болады. Онда 5, 10, 21, 42 шақырым қашықтықта жүгіріп өтеміз. Қала қонақтары мен тұрғындарын осы марафонға шақырамын.


Қазақтың Форрест Гампы

Әлеуметтік желілерде Марат Жыланбаевтың шәкірттері — ұстаздарының жиі айтатын, жігерлендіретін сөздерін жазып отырады. Оқырман назарына солардың бірерін ұсынамыз:

— Кез келген ауа райы жағдайында жүгіреміз.
— 40 градус аязды күні көз алдыңызға ыстық күндегі жағалауды елестетіп, жүгіре беріңіз.
— Жаңа жауған қар үстінде жүгіріп, іздеріңізге қарасаңыз – аяғыңызды дұрыс-бұрыс басқаныңызды көресіз.
— Жаттығуға өліп қалған жағдайда ғана келмеуге болады.
— Мен осы күнге дейін жаттығуға таңертең келгені үшін өкінген адамды кездестірген емеспін. Ең жақсы жаттығу – таңғы жаттығу.
— 1994 жылы АҚШ-тағы достарым мені «Форрест Гамп» фильмінің премьерасына шақырды. Олар мені «Форрест Гамп» деп атап кетті. Фильм кейіпкері «Шаршадым, үйге қайтам. Мен 3 жыл, 2 ай, 14 күн, 16 сағат жүгірдім» дейді. Ал сен Форрест Гамптен де мықты бол, шәкіртім!


Марат Жыланбаевтың әлемдік рекордтары
Марат Жыланбаев 1990 жылдары «Гиннестің рекордтар кітабына» жеті рет тіркелген.

  • 1990-1991 жылдар аралығында 226 классикалық марафонды жүгірді.
  • 1991 жылы наурыз айында 23 күн ішінде 23 классикалық марафоон жүгірді.
  • 1991 жылы шілде айында 15 күн ішінде күніне екі марафоннан 30 классикалық марафонды жүгірді.
  • 1992 жылы 20 күн ішінде Қарақұм шөлінде жалғыз өзі жүгіріп өткен (1200 км).
  • 1993 жылы әлемдегі ең үлкен шөл – Сахараны 24 күнде жүгіріп өткен (1700 км).
  • Дәл сол жылы Австралиядағы ең үлкен шөл – Викторияны 22 күнде жүріп өткен (1600 км).
  • 1994 жылы 17 күн ішінде АҚШ-тағы Невада шөлін жүгіріп өтті (1218 км).














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ