Мақтаралдық диқандар қызылша тұқымын егуді бастады

0

Қызылшаның павло, боро, водан F1 атты тұқымдары шетелден әкелінген. Қазіргі таңда диқандар 20 гектарға тұқым егіп үлгерген. 2 жарым айдан кейін өнім бере бастайтын көкөністің бұл түрінен гектарына 25-30 тонна өнім алуға болады екен.

Былтыр ерте көтемде өнім алған А.Қалыбеков ауылдық округінің диқандары Алматы, Астана, Қарағанды қалаларына және Ресей мемлекетіне қызылша өнімін сатып, мол табыс тапқан. Сондықтан, ауылдық округтің әкімі М.Битеміров басқа да диқандарға қызылша егуге кеңес береді.

Қызылша егілетін жер өте құнарлы болуы тиіс. Ол үшін селитра, аммофос, малдың қилары арқылы жер тыңайтылады. Агротехникалық шаралардың басым бөлігі қолдың күшімен істелетіндіктен, қызылша егу үшін қажырлы еңбек керек екені ескерілуі тиіс. Алайда, үлкен еңбектің соңы – үлкен табысқа алып келетінін округ әкімі атап өтті.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданы А.Қалыбеков ауылдық округінде 4632 гектар егістік жер бар. Бақша өнімдерін өндірумен аты шыққан округ былтыр 200 мың тоннаға жуық қауын-қарбыз өнімдерін экспортқа шығарған.

 

 

Дереккөз: http://egemen.kz/