Мақтааралда балық аулауға тыйым салынды
Көлшіктердегі балықтардың жарамдылығын тексеру үшін бірнеше балық түрі Шымкент қаласындағы сараптама орталығына жіберілген
НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр – Sputnik. Мақтаарал ауданындағы су басқан ауылдарда балық аулауға тыйым салынды. Сонымен қатар, шибөрілермен көресу мақсатында қару әзірленіп, оқ-дәрі сатып алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкен Боранбайдың айтуынша, қазіргі кезде мамандар су басқан ауылдарда тәулік бойы жұмыс істеуде.
«Бұл жердегі басты мақсат – тұрғындардың балық аулауына тиым салып, улану фактілерінің алдын алу», – деді ол.
Бөлім басшысының түсіндіруінше, су басқан елді мекендердегі балықтардың жарамдылығын анықтау мақсатында 3 дана сазанды ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Мақтаарал аудандық аумақтық инспекциясы зертханасына жіберген.
«Бұдан бөлек, 3 дана сазан мен 1 дана дөңмаңдай балығын Шымкент қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын қадағалау басқармасына да жөнелттік. Сараптама қорытындысы алдағы аптада дайын болады. Соған дейін тұрғындардың сарқынды судан балық аулауына тыйым салынады», – дейді Шәкен Боранбай.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы топан су басқан елді мекендерде балықтың жаппай қырылуын болдырмау және оларды құтқару мақсатында сарқынды суды каналдарға қуу жұмыстары жүргізілуде.
Қару әзірленіп, оқ-дәрі сатып алынды
Мамандардың мәлімдеуінше, топан су кезінде үй жануаларының өлексесі көбеюіне байланысты осы аумақтарда өлекселермен қоректенетін шибөрілердің саны көбейген.
«Осыған орай, ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 5 желтоқсандағы «Жануарлардың санын реттеу қағидаларын бекіту туралы» №480 бұйрығына сәйкес тегіс ұңғылы 12 калибрлі аңшы қаруы әзірленіп, 45 мың теңгеге 300 дана оқ-дәрі сатып алынған», – делінген Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметі таратқан баспасөз хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Сел салдарымен күресте «Мақтаарал тәжірибесін» пайдаланамыз – Шөкеев
Қазіргі уақытта осы ауылдардағы шибөрінің санын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Олжаланған шибөрілер аудандық ветеринария бөлімшесіне өткізілетін болады.
sputniknews.kz