Мақтаарал тұрғыны баспанасыз қалған халық қандай жағдайда тұрып жатқанын айтты

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Баспанасынан айырылған мақтааралдықтар тағы бір айдан астам уақыт эвакуациялық бекеттерді паналайды. Үкімет барлық жағдайды жасап жатыр, дейді аудан тұрғыны Кемал Оспанов

НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су басу салдарынан баспанасыз қалған 2 мыңнан астам тұрғын әлі де эвакуациялық бекеттерде жатыр.

Жаңа үйлері салынып біткенше, тағы бір айдан астам уақыт сонда паналайды. Жүздеген тонна азық-түлік, төсек-жабдық және өзге гигиеналық заттар. Бұл – бірлігі бекем байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған гуманитарлық көмек. Қазақстандықтар қажетті тауарды тау-тау болып үйіп тастағаны сонша, 4 қойма салуға тура келген, деп хабарлады «Хабар 24». 

Оқи отырыңыз: Су қоймасы апатынан зардап шеккендерге мыңнан астам үй салынады – Тоқаев 

«Бүгінгі күнге 800 тоннаға жуық азық-түлік келген болса, қазір 400 тоннадан астам азық-түлік бар. Бұл үйлеріне орналасқаннан кейін тағы 2-3 айға жетеді. Эвакуациялық 10 орынға таратылады. Осы үлкен қоймадан азық-түлік алынып, сол кісілердің таңертеңгі, түскі, кешкі тамағы беріліп жатыр», — дейді қойма жұмысшысы Бақытжан Әшірбаев.

Өңірде барлығы 10 эвакуациялық бекет жасақталған. Көбісі мектеп базасында. Ауылдастар, көрші-көлем, ағайын-туыс бір-бірінен ажырап қалмас үшін бір жерге шоғырландырылған.

«Барлық жәрдем беріліп жатыр, жағдай жасалған. Үлкен кісілерді Шымкентке шипажайға жіберді. Немерелерімізді демалысқа жіберді. Жалпы жағдайымыз жақсы, үкімет қарап жатыр», — дейді Мақтаарал ауданының тұрғыны Кемал Оспанов.

Жазғытұры Мақтааралда жаңа шағын аудан салынып бітеді. Мұнда Достық, Жаңатұрмыс және Жеңіс ауылдарының тұрғындары қоныстанады. Бастапқы жобада 500 үй бой көтеруі тиіс еді. Жуырда үкімет басшысы Асқар Мамин құрылыс көлемін арттырып, жатақханада тұрып келгендердің де баспаналы болуын тапсырды.

«Құрылысты 10 мамыр күні бастағанбыз. Бүгінде құрылыс жақсы жүріп жатыр. Ешқандай проблема жоқ. Техника, адам саны жеткілікті. Құрылыс материалдары келіп жатыр. Айтылған мерзімге дейін бәрін орындаймыз деп ойлаймын», — дейді мердігер мекеме өкілі Әбілсейіт Мұратов.

Өргебас пен Фердауси ауылдарының бірен-саран су алған үйлерін жөндеп береді. Немесе тұрғындардың өзге елді мекендерде салынған жаңа баспанаға көшуіне болады. Тілсіз жаудан зардап шеккендерге қаржылай көмек беру шарасы жалғасып жатыр.

Еске сала кетейік, 1 мамырда Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды.

Апат салдарынан көршілес Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы ауылдар су астында қалды. Ауданда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.



sputniknews.kz