Мақсатымыз – заман талабына сай,бәсекеге қабілетті өнер маманын дайындау
Көп салалы ірі жоғары оқу орны болып табылатын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті құрамындағы «Педагогика және мәдениет» факультетінде «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасы өз орнын тапқан. Бұл кафедрада ғылым докторы, перофессор, доценттер, ғылым кандидаттары, Қазақстан және шетел суретшілер, дизайнерлер одағының мүшелері қызмет етеді. Кафедраның профессор-оқытушылар құрамы қатарында еліміздің ғана емес, шетел жоғары оқу орнын үздік бітірген ұстаздар да бар. Бұл ретте, келесі жылы пайғамбар жасын салтанатпен атап өту ниетінде жүрген құрметті де білікті ұстаз, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Суретшілер академиясының корресподент-мүшесі, профессор Әнуарбек Айдосовты мақтанышпен айтуға болады. Х.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің «Дизайн және жарнама» мамандығы бойынша бітірген ол, көптеген және республикалық көркемөнер көрмелеріне қатысып келеді. Әнуарбек Айдосовтың шығармашылық жұмыстары бүгінде көптеген алыс, жақын шетел өнер мұражайында, көркемсурет галереяларында және жеке қорларда (АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея, ТМД мемлекеттері) сақталуда. Ол сонымен қатар «Қазақ авангарды», «Композиция негіздері» және «Кескіндеме сыры» атты оқу құралдарының авторы. Сондай-ақ бұл қатарда А.Н.Косыгин атындағы Мәскеу тоқымашылық институтының «Текстиль және жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын моделдеу және көркем безендіру» мамандығы бойынша бітірген, Өзбекстан Көркемөнер академиясының шығармашылық бірлестігі мүшесі Бөріжан Төребаевты да атап айтуға болады. Ол көптеген алыс, жақын шетел және республикалық көркемөнер көрмелеріне белсенді қатысқан (АҚШ, Германия, Вьетнам, Венгрия, т.б. және бірқатар ТМД елдері). Бөріжан Төребаевтың да шығармашылық жұмыстары Қазақстан көрме дирекциясы қорынан орын алған. «Манестралы натюрморт» атты кескіндемелік картинасы Өзбекстан мемлекеттік өнер мұражайында сақталуда. Ол – «Орнамент и цвет в дизайне текстиля» Монография. LAP LAMBERT Academic Publishing /Германия/, «Основы дизайна текстильных изделий» оқулығы, «Цвет в текстиле», «Түстану», тағы да басқа оқу құралдарының және 150-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы.
Ел іші – өнер кеніші. Дегенмен жас талантты іріктеп алып, нағыз өнер майталманы дәрежесіне жеткізу – өте күрделі мәселелердің бірі. Осындай талапты жастарды қолдау мақсатында М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасына қарасты «Жетіасар» картина галереясында жыл сайын көрмелер ұйымдастырып тұру дәстүрге айналған. Жуырда осы галереяда университетіміздің 75 жылдық мерейтойына арналған «Дала әуендері» атты студенттер мен белгілі қылқалам және дизайн шеберлерінің көрмесі сәтті өтті. «Өнер – өте киелі ұғым екендігі баршаға мәлім. Сондықтан да оны қадірлеп, саналы түрде бағалай білу – күллі адамзат үшін басты міндет деп есептеймін», деді кафедра меңгерушісі Даулетхан Сейтмаханұлы Болысбаев осы көрменің салтанатты ашылу іс-шарасында сөйлеген сөзінде.
Елбасы Н.Назарбаевтың жақында «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасының жалғасы ретінде жарыққа шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында мынадай сөздер бар: «…Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды.
Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі «аң стилі» өнері.
…Аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Олар оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасы, соның ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген.
«…Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлы өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді».
Президентіміз айтқандай, «әлемдік өнердегі биік белестердің бірі болып саналатын «аң стилі» феномені» бүгінгі таңда кафедра өнертану саласындағы ғана емес, барлық бейнелеу өнері және дизайн саласындағы профессор-оқытушыларының басты назарында.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында бүгінгі қоғамды толғандырған әлеуметтік проблемаларды шешудің нақты тетіктері ұсынылған. Осы Жолдауда Президентіміздің әлеуметтік маңызы бар мәселелердің бірі орта және жоғары білім беру жүйесін жетілдіру жайына арнайы тоқталғанын ерекше атап өткен жөн. Бұдан былай жоғары оқу орындарының біліктілігі түлектерінің жұмысқа орналасуымен өлшенуі және басқа да тәжірибелерді негізге алуын Елбасының өте ұтымды идеясы деп санауға болады.
Маман дайындау саласында жоғары білім беру сипаты талабын көтеру керек – Мемлекет басшысы өзінің жаңа Жолдауында бүгінгі нарық жағдайында педагогтер арасынан білімнің жоғары сипатын қамтамасыз ете алатындар ғана қалуы тиіс деген сөзді қадап айтып, осындай тапсырманы күн тәртібіне қойды.
Сол себепті, егеменді еліміздің сеніміне, заман талабына сай, бәсекеге қабілетті заманауи мамандық иесін дайындау – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасы профессор-оқытушылары үшін басты мақсат. Бұл – әрине олар үшін жоғары азаматтық жауапкершілікті жүктейді.
Дәулетхан Болысбаев,
ОҚМУ «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының меңгерушісі, филос.ғ.к., доцент, ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі,
Бөріжан Төребаев,
ОҚМУ «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы, ӨР Көркемөнер академиясының шығармашылық бірлестігі мүшесі
Дереккөз: http://egemen.kz/