Мақсатымыз – айыппұл жинау емес

0

Астана қаласында өткен жылы іске қосылған «Сергек» жүйесінің көмегімен  мемлекеттік бюджет 1 млрд 270 млн теңгеге толығып, жол-көлік оқиғаларының саны 16 пайызға, жол апатынан жаралану 22 пайызға, жол-көлік оқиғасы салдарынан болатын өлім 54 пайызға төмендеген. Жуырда «Сергек» камераларының бір жылдағы жетістігі аталып, Алматы, Шымкент қаласында пилоттық жоба есебінде жұмысын бастаған кешеннің адамның түр-тұлғасын ажырататын камераларды іске қосып жатқаны туралы ақпарат тарады. Анығын «Көркем-Телеком» ЖШС басшысы Әсет Ахметовтен сұрап білдік.

«Сергек» шетелдік нөмірлерді «тани» ма?

Біз нейрондық жүйеге әр таңбаның он мыңға жуық түрін көрсетіп, үйретеміз. Бүкіл кө­лік ағынын камераға түсі­ріп алып, бейнеден нөмірді қиып, әрқайсысын нейронға таныстырамыз. Оған бір ғана А әрпінің жартылай бояуы кеткен, кір шалған, қар басқан, майысқан не сызат түскен түрі қандай болатынын талдап жаттатамыз. Камера тәртіп бұзған көлікті көргенде бір алго­ритм қозғалған нысанды, екіншісі оның үстінен нөмірге ұқсайтын төртбұрыш бөлікті танып, келесі алгоритмдер жазу мен өзіне таныс символдарды іздей­ді. Нейрон жүйесі сандар­ды әріптерден бөліп, өзіне таныстырылған базамен салыстырып, мынау «А» әрпі деп ажырата бастайды. Сергек шетелдік нөмірлердің беті таза болса, оны 100 пайыз ажырата алады. Қолымыздан келгенше, жүйені басқа ел нөмірлерін тануға баулып жатырмыз. Қазақстанда көбіне Ресей, Қырғызстан, Арме­ния, Моңғолия нөмірлері кездеседі. Олардың 95 пайызын шетел азаматтары емес, қазақ­стандықтар сенімхат арқылы мініп жүреді. Әдетте жол ережесін бұзған көлік назарға ілінгенде, экранның екінші бөлігінде мүлік иесі туралы толық ақпарат шығады. Оператор камера анықтаған олқылықты растап, айыппұл тіркеп, көрсетілген нөмірге хабарлама мен мекен­жайына хат жолданады. Ал шетел­дік нөмірлерге қатысты біздің жүйеде көліктің кімге тиесілі екенін көрсететін дерек­тер базасы жоқ. Сондықтан ереже бұзылғанда, кімге айыппұл тіркеуге болатынын анықтай алмаймыз. Жол полициясының да ондай көліктердің бәрін соңынан қуып, тоқтатуға физикалық мүмкіндігі жетпейді. Қазір бұл мәселені шешу үшін шетелдік нөмірі бар көліктерді тоқтатып, тіркеу жүргізіліп жатыр. Мысалы, ресейлік нөмірді иеленген Серік есімді азаматтың құжаттары тексеріліп, көлікті оның ЖСН-на бекітеді. Келесіде сол көлікке қатысты айыппұлдың бәрі әлгі Серіктің есебіне жазылады. Жол үстінде ереже сақтамаған жүргізуші туралы ақпарат инспектордың планшетінде көрініп тұрады. Жүгенсіз жүргізушілерді тоқта­тудың осындай амалы да қолға алынып жатыр.

Жоба мемлекетке өте ме?

«Сергектің» жүзеге асуы үшін жұмсалған қаржыны банкке өтеуіміз керек. Ол үшін арнайы жасалған қаржы моделі бар. Мемлекет бізге қаржы төлеуі үшін тіркелуі керек айып­пұл көрсеткіші бар. Біз ол айыппұлдан артық жинасақ та, бәрібір сол қаржыны аламыз. Ал кем жинасақ, өзімізге артылған мін­детті толық орында­ма­ған боламыз. Қазір жол ереже­сін бұзбайтын мәдениет қалып­тас­тыруға басымдық беріліп отыр. Бұл мәселе шешіліп, жыл­дамдықты асырмайтын, авто­бус жолағына өтпейтін жүргізу­­шілер көбейгенде, келе­сі мәселені шешуге кірісеміз. Мәселен, қауіпсіздік белбеуін тақпа­ғандар мен көлік жүргі­зіп отырып, телефонмен сөй­лес­кендер назарға ілінетін болады. Жүйені соған сәйкес жетілдіріп, жаңа алгоритмдер қосамыз. Мемлекетпен арадағы алты жылдық келісімшарт аяқталған соң, «Сергектің» құқы­ғы мемлекетке өтеді. Мем­ле­кет бізбен жұмыс істеуді жал­ғастыруы да, бұл қызметке басқа компанияны таңдауы да мүмкін.
Біздің қазіргі мақсатымыз айыппұл жинаудан да жоғары екенін түсіндіргім келеді. 2007-2008 жылдары қауіпсіздік бел­беуін тағынбағаны үшін жап­пай айыппұл салу науқаны болғанда, елдің бәрінің қолы көлікке отыра салып, бірінші кезекте белбеуге жүгіретін болды. Жолда еркін жүріп үйреніп қалған азаматты қылмыс деңгейі өте төмен мемлекетке апарса, бірден жөнге түсіп шыға келеді. Керісінше, басқа елде заңды қатаң ұстанған адамды тәртіпке немқұрайлы қарайтын ортаға әкелсе, көп ұзамай ол да құқықбұзушылықты қалыпты құбы­лыс деп қабылдайтын бо­ла­ды. Келесі бір мәселе – елі­міз­дің IT саласындағы тәуел­сіздігі. Біз шетелдік бағ­дарламалық жүйелердің ұлттық қауіпсіздікке қандай қатері барын болжай алмаймыз. Ал «Сергек» – толық­тай қазақ­стандық жоба. Тексе­ріс кезінде біз бағдарла­маның әрбір сөйле­міне дейін оқытып, түгел бақы­лаудан өткіземіз.

Біз монополия емеспіз

Біз бәсекені қолдаймыз. Нары­қ­та дәл осы қызметті ұсы­на­тын басқа компания құрылса, жоқ демейміз. Біз қазір қалааралық магистральдерге арналған жоба­ны қолға алып жатыр­мыз. Өйткені үлкен жолдар­да жол апаты көп тіркеледі. Компаниямыздың мақсаты бүкіл Қазақстан аумағында жұмыс істейтін көлемді жоба­ға айналу болғанымен, біз бұл саладағы моно­­полист болуға ұмтыл­май­­мыз. Сергекке қарағанда әлде­қайда үздік ұсыныспен келе­тін басқа кәсіпкерлер табыл­са, барлығына шешілуі кезек күттірмейтін мәселесі бар аймақтар жететінін түсіну керек. Жол үстіндегі өлім ста­тис­­тикасын естігенде жүй­ке тамырың шымырлап қоя береді. Мысалы, «Сергек» Аста­­надағы жол апатынан қаза табу көрсеткішін 54 пайызға қыс­қарт­ты дедік. Бірақ бас қала өзге республикалық маңызы бар қа­лалармен салыстырғанда халық саны жөнінен де, тіркелген өлім фактілері бойынша да алда болмағанын есепке алсаңыз, әлі негізгі күшті бағыттайтын қаншама қала бар екенін аңғару қиын емес.
Қазір «Сергек» Алматы және Шымкент қалаларында пилоттық жоба ретінде сыналып жатыр. Өскеменмен келісімшартқа отырдық. Бірақ барлық аймақпен келісу оңай деп айта алмаймын.
Қызметіміз айыппұл жинау­дан интеллектуалды көлік жүйесі деңгейіне дейін өсу керек. Жерді қазып, 100 мың тонна кен ішінен 1 кг алтын табуды көз алдыңызға елестетіп көріңізші. «Сергек» күніне мыңдаған ақпарат жинап, соның ішінен 1 кг алтын сияқты айыппұлдарды бөліп қарайды. Бірақ біздің қорымызда әлі игерілмеген 99 мың тонна кен барын ұмытпауымыз керек. Ол ақпаратты жол-көлік жүйесін реттеуге, қауіпсіздік деңгейін арттыруға қолдануға болады. Дәл қазір алимент төлемегендерге арналған рейд жүріп жатыр. Жыл­дар бойы алименттен жал­тар­­ғандардың деректер база­сына кіретін 50 көлік айып­­пұл тұрағына қойылды. Бұрын адамдар «жазасыз қалу­ға бола­ды» деп ойласа, енді қары­зы бар азаматтардың жалта­ра алмай­тынын дәлелдеп жатыр­мыз. Бес жылға дейін салық төле­ме­ген­дерге қатысты да осындай шара қабылданады. «Сергек» мемлекет алдында қаржылай борышкер азаматтардың деректер базасын алып, көлігі туралы ақпарат беріп отырады.
«Сергек» көліктердің нақты санын, олар жүретін көшелерді біледі. Осы деректер негізінде бағдаршамның жану уақытын есептеп, автобус маршруттарын жоспарлауға, көлік кептелісін реттеуге мүмкіндік бар.

«Адам танитын» жүйе аңыз ба?

Қазір адамның түр-тұлғасын ажырататын камералар қою туралы ұсыныстар қызу қолдау тауып жатқаны, барлығы осы жүйені қолданысқа енгізуге мүд­делі екені түсінікті жайт. Біздің компания қазір мұн­дай камералардың ком­мер­­­ция­лық мақсатта қол­да­ны­­­латын түрін ұсына алады. Оған әртүрлі ғимаратқа кіре­бе­­рісте адамдардың түрін ажы­рату, дүкендерде қай жас­тағы адамдардың қандай тауар түрлерін қаншалықты жиілікпен алатынын бақылау сияқты қызметтер кіреді. Әдетте мұндай камералардағы дәлдік 95 пайыз шамасында болады. Стратегиялық маңызы жоқ нысандар үшін жүйенің жүз адамның ішінде біреуін танымауы үлкен мәселе тудырмағанымен, дәл осы камераларды өндірістік мақсатта қолдану үшін 100 пайыз дәлдік керек. Өйткені көше бойындағы камера сізді іздеуде жүрген кісі өлтірушімен шатастыруы салмақты қателік болар еді. Жоғары деңгейлі дәлдік алу үшін өте көп қаржы жұмсалуы керек. Дәл қазір ол біздің еліміз үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз болады. Сондықтан күдікті тұлғаның бейнесін деректер базасымен салыстырып, құқық қорғау органына санаулы секундта хабар беретін, көздеген адамы туралы бүкіл ақпарат экранға шығатын кешенді жүйе қазірше кинода ғана кездесетін құбылыс. Бірақ қимыл-қозғалысы күдікті (ары-бері теңселіп, құлаған) адамның жанына камераның ақпараты арқылы көмек шақыру сияқты қарапайым жүйенің алгоритмін жазуға болады. Қылмыскерді іске қосылмаған камераның өзі қорқытады. Сондықтан бейнебақылау жүйесін орнатудың өзі айтарлықтай маңызға ие.

Динара Тілеубек