Мақсат – науқас балаларға көмектесу

0

«Болашақ» қоры мен «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен Астанада ХІ қысқы қайырымдылық кеші өтті. Биылғы кеш «Болашақ» бағдарламасының 25 жылдығына арналды. 

 

Салтанатты шарада «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бай­бек ұйымның осыған дейінгі жетіс­тік­тері жөнінде айтып өтті. «Бола­шақ» қауымдастығы 17 жыл ішінде рес­пуб­лика көлемінде көптеген қайырым­ды­лық шарасын өткізді. Ал «Болашақ» бағдарламасы аясында қаншама жастар әлемнің жетекші елдерінде білім алды. Олар тәуелсіз Қазақстанның дамуына, еліміздің өркендеуіне ерекше үлес қосып келеді», – деді Бауыржан Байбек.

 


Қайырымдылық кешінен жиналған қаржы аутизмге шалдыққан балалардың емделуіне жұмсалады. «Болашақ» қорының басшысы Динара Шайжүні­сова қайырымдылық кешінен түскен қаражат аутизммен ауыратын балаларды емдеп-сауықтыруға жұмсалатынын жеткізді.

 

«Негізгі мақсатымыз – ас та, төк дастарқан жайып, әдемі кеш өткізу емес. Науқас балаларға қаржылай көмек­тесу, қол ұшын созу, олардың да дені сау қатарластарымен тең дәрежеде өмір сүруіне жағдай жасау. Салтанатты шараны өткізуге атсалысқан қайырым­ды азаматтарға алғысым шексіз», – деді Динара Шайжүнісова.

 


Қазақстанның Халық артисі Нұржа­мал Үсенбаева мен композитор, қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджа­нов кеш­тің құрметті қонағы болды. «Қайы­рым­­дылық жасауды парыз деп санай­мын. Адамдар бір-біріне көмектесу арқылы қоғамды ізгілікке үндейді. Бар­лық адам дені сау, бақытты болуға лайық. Сондықтан мұндай қайырым­ды­­лық кештерін өткізу қажет деп ойлай­­мын», – деді Нұржамал Үсенбаева.

 


Биыл 11-рет өткен шарадан түсетін қаражаттың көлемі де артып келеді. Бұған дейін өткізген кештерде 220 миллион теңгеге жуық қаржы жиналып, оған балаларға арналған ойын алаңдары, 8 мамандандырылған оңалту мекемесі, 9 қалада 20 мектепте инклюзивті білім беру сыныптары ашылған. Сондай-ақ аз қамтамасыз етілген отбасы балала­ры­на жоғары оқу орнында білім алуға гранттар берілген.

Майра ЖАНЫСБАЙ

Дереккөз: Айқын