Мақпал Исабекова алты ай бұрын босанса да үкіметтің жәрдемақысын ала алмай жүр (ВИДЕО)

0

Амалы таусылған әнші әлеуметтік желінің күшіне жүгінген

Әнші Мақпал Исабекова осыдан жарты жыл бұрын екінші рет босанған еді. Бүгін әлеуметтік желідегі жеке парақшасына видео жүктеген ол «электронды үкімет порталына бала туғанымды дәлелдей алмай жүрмін» деді. Сөзіне сенсек, құжаттарын тапсырса да ол декреттік демалыс үшін төленетін, бала босанғанда берілетін және бала 1,5 жасқа толғанша төленетін жәрдемақының ешқайсысын алмаған, деп жазады  Azattyq Rýhy.

«Алты айдан бері мемлекетке өзімнің босанғанымды дәлелдей алмай келемін. Мен босанғанға дейінгі төлемді, бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақыны, баламның ай сайынғы жәрдемақысын әлі алған жоқпын. Заң бойынша, басқа аналар сияқты, ол төлемдерді мен де аламын деп ойладым. Бірақ мені бір-біріне сілтеп, алдырмай отыр. 1414 нөміріне хабарласа алмадым. Egov.kz болса, «сіз құжат тапсырдыңыз, күтіңіз» деп отыр. Босанғалы алты ай болды, әлі күтіп отырмыз. Менің жеке кәсіпкерлігім бар. Салықтың бәрін уақытылы төлеп отырмын», — дейді ол.

Исабекованың айтуынша, бұл процесс адамдардың өмірін қиындатып отыр.

«Қолымды бір сілтейін десем, салықтың біреуін қалдырмай төлеймін. «Үйде бала тауып отыр ғой» деп ешкім менің жағдайымды ойлап жатқан жоқ. Мұндай жағдайда не істеу керек, қыздар?», — дейді әнші.

Әншінің айтуынша, ол мемлекет төлейтін жәрдемақыға қарап қалған жоқ. Бірақ, осы жәрдемақыға мұқтаж өзге аналардың бұлай қиналғанын қаламаймын дейді.

«Мен бұл жағдайды осылай жария қыламын деп ойлаған жоқпын. Бірақ онсыз да жұқарып отырған жүйкені жұқартты. Қағазбастылық деген біздің елде басым, мың анықтама талап етті. Бухгалтер екеуміз тапсыр деген қағаздарын тапсырдық. Халыққа қызмет көрсету орталығына бардық. Бірақ үсті-үстіне саған қысым жасайды. Не деген сұмдық бұл. Менің күнім ол ақшаға қарамай-ақ қойсын, қарапайым халық не істейді? Өзіне тиесілі ақшасын алу үшін сәбиін қолына ұстап, мекеме аралап жүре ме?», — деп ашуын жеткізді Мақпал Исабекова.

Осы мәселеге қатысты редакция еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сұрау жолдады.

«Белгілі болғандай, Мақпал Исабековадан заңға сай кірістерін растайтын қосымша құжаттар сұралған. Басқа ақпарат бере алмаймыз, бұл жеке деректерге жатады», — деп жауап берді министрлік.