Маңызды заң жобалары мақұлданды
Сотына сенген ел – келешегіне сенеді
Алдымен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заңының жобасы қаралып, ол туралы негізгі баяндаманы Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов жасады. «Судьялардың қолдары таза емес, кәсіби сауаттылығы төмен» деген сөздерді біз жиі естиміз, деп бастады ол сөзін. Бүгінгі ұсынылып отырған заң жобалары қоғамда қалыптасып отырған осындай келеңсіз көзқарастарды қалай шешеді дегенге тоқталатын болсақ, мен баяндамамды «кешегі сот», «бүгінгі сот» және «болашақта қандай сот қалыптастыруға ұмтыламыз» деген үш тармаққа бөлейін, деп жалғастырды ол өз сөзін.
Одан әрі төраға өткен ғасырдың 80-жылдары біздің республикамызда түрлі қылмыстары үшін түрмеге қамалған адамдардың саны жүз мыңнан асатынын еске салып өтті. Ал қазір ол үш есе азайып 30 мыңға түскен. Оның басты себебі – жеке адамға қарсы жасалатын қылмыс саны азайды. Ал ол кезде 100 мың қазақстандыққа шаққандағы саны 10 болатын, қазір бұл көрсеткіш екі есе азайған. Екінші себеп, сот құқық қорғау органдарының айыптау қорытындысының ықпалында кетіп, әрқашан да жазалауға бейіл болатын. Тіпті кінәсі жоқ екеніне көзі жетіп тұрса да прокурор бекіткен айыптау қорытындысына қарсы шығып, адамды ақтауға батылы бармайтын. Қазір барлық айыпталушының тек 25 пайызы ғана бас бостандығынан айырылады. Біз судьялардың бойында болатын «жазалауға бейімділік» сияқты келеңсіз дәстүрден арылуға тырысудамыз. Соның нәтижесінде беделді халықаралық ұйымдардың өкілдері қазақстандық сот жүйесінің көптеген жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтуде. Атап айтқанда, біздің соттарымыздың қолжетімділігін, дауларды жылдам шешетінін және ІТ-дің жақсы дамығандығын олар тілге тиек етеді. Бүкіләлемдік банкінің рейтингі бойынша сот жүйесіне жағдай жасауда Қазақстан төртінші орынға шыққан. Бірақ ең бастысы бұл емес. Елбасы Н.Назарбаев бізден судьялардың әділетті шешім шығаруы керектігін талап етеді. Егер соттың шешімі заңды болса, әрбір сотталушы судьяның осындай шешімге келу логикасын мойындаса және шешім түсінікті, қарапайым тілде жазылса айтылған уәждердің бәріне толық жауап берілсе – міне, сонда ғана халық сотқа сенеді. Ал сотқа сенген ел – келешегіне сенеді. Бірақ мұндай шешімдерді тек терең білімді кәсіпкерлер, мықты заңгерлер, мүлтіксіз мамандар ғана шығара алады. Оларды судьялық қызметке тарту біздің міндетіміз. Ол үшін әлеуметтік жағынан қорғалу мәселелерін шешуіміз керек. Ұсынылып отырған заң жобалары осы талаптарды қамтамасыз етуге тырысқан, деді төраға өзінің сөзінің қорытындысында.
Депутаттар баяндамашыға бірнеше сұрақ қойды. Соның ішінде Асылбек Смағұлов татуластыру орталығы және татуластырушы судьялар бар екенін еске сала келіп, халықтың кімге барғаны жөн екенін сұрады. Оған екі қызметтің де бір-біріне қайшы келмейтіндігі айтылып, екеуіне де баруға болатындығы жеткізілді. Енді бұл мәселені біржақты шешетін заң жобасы әзірленіп жатқандығы да айтылды. Депутат Майра Айсинаның сұрағы Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Талғат Донақовқа арналды. Ол заң жобасында судьялық қызметке таңдау конкурсына түсетіндердің екі жылдық жұмыс өтілі болуы керектігі талап етілетінін, бірақ алыс жерлердегі осындай қызметке үміткерлерге мұндай талап қойылмайтындығына назар аударып, «алыс жерлер» дегеннің өзін қалай түсінуге болатындығын сұрады. Оған «алыс жерлер» Үкіметпен ақылдасып анықталатындығы жеткізілді.
Сонымен бірге депутаттар заң жобасының мақсаты – сот жүйесін жаңғырту, судья кадрларын сапалық жағынан дамыту және жаңарту, судьялар тәуелсіздігінің кепілдіктерін күшейту және судьяларға құқыққа сыйымсыз ықпалды болдырмау екендігін сұрақтар беру барысында анықтады.
Заң жобасы бойынша қосымша баяндаманы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров жасады. Ол осы сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы заңға 2007 және 2017 жылдардағы конституциялық реформалар кезеңінде де өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін еске салып, қазіргі өзгерістер Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалуын құқықтық жағынан жетілдіру шеңберінде енгізіліп отырғанын айтты. Талқылауға қатысқан депутат Қуаныш Сұлтановтың ұсынысымен заң жобасы бір ауыздан мақұлданды. Сонымен бірге осы заңға ілеспе заң жобасы да талқыланып, мақұлданды. Ол негізінен төрт заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетіні белгілі болды. Олардың біразы судьялыққа үміткерлердің біліктілік емтихандарын күрделендіруге бағытталған.
Отырыста қаралған өзге заң жобалары
Сонымен қатар Мәжілістің кешегі отырысында баланың құқықтарын қорғау жөніндегі ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Бұл туралы баяндаманы депутат Әбдіманап Бектұрғанов жасады. Заң жобасының мақсаты – балалардың құқықтарын қорғауды жүзеге асыратын ұйымдардың жұмыс істеуімен байланысты мәселелерді нақтылау есебінен олардың қызметін жетілдіру, сондай-ақ Ұлттық алдын алу тетігі мандатын баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын барлық ұйымдарға қолдану арқылы заңнамалық деңгейде кешенді шешу. Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың тізбесін нақтылауға, білім беру саласындағы уәкілетті органға балалардың құқықтарын қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын әзірлеу және бекіту жөніндегі функцияны беруге және т.б. көңіл бөлген. Сондай-ақ белгілі бір лауазымды атқаруға және бір қызметпен айналысуға өмір бойына тыйым сала отырып, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстарды жеке бөліктер етіп шығаруға және басқа да бірқатар түзетулер енгізді. Депутаттардың ұсыныстарын қарау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының 6 кодексі мен 6 заңына түзетулер енгізу көзделген.
Жалпы отырыста Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы елімізге мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы да ұзақ талқыланып, депутаттар тарапынан қолдау тапты. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа көптеген сұрақ қойылды. Соның ішінде халық қалаулылары ішкі рынокты сапалы жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелеріне қатты алаңдаушылық білдіретіндерін жеткізді.
Отырыс соңында бірнеше депутат орталық атқару органдарына өздерінің сауалдарын жолдады. Соның ішінде депутат Ж.Ахметбеков Үкімет басшысына қарақшы-браконьерлердің қолынан халық қазынасын қорғау жолында қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиевке «Халық қаһарманы» атағын беру мәселесін қарастыруды ұсынды. Ал депутат А.Перуашев республика атауын «Қазақстанмен» қатар «Қазақ республикасы» деп ресми түрде атауды ұсынатынын Үкімет басшысына жеткізді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/