Маңызды бастамаларға құқықтық негіз қаланды
Парламент сессияларының жұмысы күнтізбелік жылмен сәйкес болмайтындықтан осы жылғы сессияда қанша заң қабылданғанын нақты айту қиын. Өйткені Парламенттің қазіргі, төртінші сессиясының жұмысы қыркүйек айынан басталды. Ал оған дейінгі үшінші сессия 30 маусымда аяқталған болатын. Бірақ соған қарамай 2018 жылғы қабылданған заңдарға қысқаша шолу жасап көрелік.
2018 жылы еліміз үшін аса маңызды заңдардың қатарында Қауіпсіздік Кеңесі туралы Заң қабылданды.
Сондай-ақ валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заң қабылданды. Ол валюталық операциялармен байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді және валюталық реттеудің мақсаттары мен міндеттерін айқындайды. Осы жылы қабылданған заңдардың қатарында балалардың денсаулығын және дамуын зиянды ақпараттардан қорғау туралы да заң бар. 2017 жылғы мәліметтерге қарағанда, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Интернет ресурстардың қатарынан 270 мыңнан аса материалдарды алдырып тастауға мәжбүр болған, өйткені олар балалардың жас санасына кері әсер етіп, олардың бойына қатыгездік дертін егіп, агрессияны оятуға ықпал еткен. Ал енді мына заң баланың сөз бостандығы мен ақпарат алу құқын қамтамасыз ете отырып, оларды келеңсіз ақпараттардан сақтауға ықпал ететін болады деп танылды.
2018 жылы қабылданған заңдардың қатарында адвокаттық іс-әрекеттер мен заңгерлік көмекті қамтамасыз ету, стандарттау, кинематография, табиғи монополиялар туралы заңдар да болды.
Стандарттау туралы заң – біртектіліктің Ұлттық жүйесін реформалау шеңберінде заңнаманы жетілдіруді мақсат еткен. Ол өнімнің сапасын көтеріп, бәсекелестікке қабілеттілігін арттыра түсуге мүмкіндік беретін болады.
Кинематография туралы заңның негізгі мақсаты – Ұлттық кино туындыларын қолдау және кинодағы қазақ тілінің өрісін ашуға арналғандығы туралы айтылды. Осы аталған заңдар дербес заңдар болса, бұлардан басқа екі конституциялық Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде Шымкент қаласының республикалық дәрежедегі қалалар қатарына енуіне және Түркістан облысының құрылуына байланысты Қазақстан Республикасының әкімшілік-территориялық құрылымына өзгерістер енгізу туралы заң қабылданды. Дербес заңдардың қатарында жыл сайын бекітілетін келер жылдардың бюджеті мен Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферттер туралы заңдар да бар.
Сонымен бірге қолданыстағы заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы отыздан артық заң қабылданып, қолданысқа енді.
Парламент қабылдаған заңнаманың үлкен бөлігі Қазақстанның түрлі мемлекеттермен жасаған халықаралық келісімдерін ратификациялайтын заңдарды қабылдауға арналды. 2018 жылы сондай 40-қа жуық заң қабылданды. Қабылданған заңдардың арасында Парламент депутаттарының бастамашылдығымен әзірленгендері де бар. Соның ішінде жоғарыда аталған балалардың денсаулықтары мен дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғау туралы және оған ілеспе заңдар депутаттардың бастамашылдығымен дайындалды. Сондай-ақ газ және тұрғындарды газбен қамтамасыз ету туралы заң да депутаттардың бастамашылдығымен әзірленді. Білім беру туралы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы заңды да депутаттар көтерген.
Міне, қысқаша айтқанда халық қалаулылары 2018 жылы осындай қызметтер атқарды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/