Мәншүк Мәметова: қазақтан шыққан әйгілі пулеметші қыздың өмір жолы – Қазақстан жаңалықтары

0
136

Stan.kz сұрапыл майданда ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен қазақтың қайтпас қайсар қаһарман қызы, әйгілі пулеметші Мәншүк Мәметованың өмінен сыр шертеді.

Мәншүк Мәметова: қазақтан шыққан әйгілі пулеметші қыздың өмір жолы

Мәншүк Мәметова адамзат тарихына есімін қанмен жазып кеткен қазақтың қайсар қызы. Оның өмірі мен ерлігі турасында талай тағылымды естеліктер жазылды, жазыла да бермек. Өйткені, ерлік тарихы мәңгілік тақырып. Мәншүк миллиондаған адамдардың бейбіт тірлігі жолында өз өмірін құрбан еткендердің бірі.

«Қазақ батыры» десек кез келген адамның көз алдына қасқыр секілді сұсты мінезді ержүрек, мықты, бүркіт сияқты қырағы жігіт елестейді. Бірақ соғыста әйел адамдардың да ерлік көрсеткенін білеміз. Солардың бірі батыр атағын арқалаған қазақтың  нәзік пулеметші қызы Мәншүк Мәметова. Ол Кеңес Одағының батығы атағын алған алғашқы қазақ қызы. Ал Мәметованың өмірі көз алдыңа ерлік пен махаббатқа толы шығыс поэмасын елестетеді.

Мәншүктің ата-анасы азан қойып берген есімі – Мәнсия. Анасы еркелетіп Моншағым дей бергеннен, Мәнсияның тілі келмей өзін Мәншүк деп кеткен. Осылайша, анасы еркелетіп атаған «Моншағы» Мәнсия да емес, Моншақ та емес Мәншүк аталып кетті. Кейіннен құжат толтырғанда да, ол есімін Мәншүк деп толтыра бастапты. Соғыс майданында да осы аяулы есімін асқақтатып, тарихқа Батыр Мәншүк деген есіммен енеді. Ол 1922 жылдың қазан айында  Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданында дүниеге келді. Мәнсияның балалық шағы Қазақ КСР-да, Жасқұс деп аталатын ауылда өтті. Отбасы нашар жағдайда өмір сүрді. Әкесі – Жиенғали қоймада күзетші ретінде жұмыс істеді, ал анасы – Тойшылша бала тәрбиесімен айналысты.

1927 жылы Мәншүктің ата-анасы тұрған ауылға Саратовтан туыстары қыдырып келеді. Ол ағасы Қанаттың үйіне келген жас отбасы Ахмет пен Әмина Мәметовтер еді. Екеуі де университет бітірген, білімді адамдар. Сонда ағалары Қанат інісі мен келінінің келуіне орай жақын туысы Жиенғали мен Тойшылшаны шақырады. Бірақ, олар қонаққа жалғыз емес, көздері қарақаттай мөлдіреген қыздары Мәншүкті де ертіп апарады. Ұзақ уақыт перзент сүйе алмаған Ахмет пен Әмина Мәметовтер сүп-сүйкімді болған, тілі тәтті Мәншүкті бір көргеннен қатты жақсы көріп қалады. Алыс жолдан келген ерлі-зайыптыларды Мәншүктің ата-анасы да қонақ етеді. Сонда қонақасы аяқталар уақытта, Ахмет пен Әмина Мәметовтер үй иелеріне күтпеген өтініш жасайды. Перзент сүйе алмай жүрген жас отбасы қазақтың салт-дәстүрімен көздері моншақтай болған Мәншүкті асырап алуды сұрайды. Жиенғали мен Тойшылша туысының өтініш қабылдап, шешімге бірден келе алмады. Бірақ, қыздарының білімді адамдардың отбасында тәрбиеленіп, қалалы жерде білім алуға мүмкіндігі бар екенін түсінген ата-ана Мәншүкті беруге келіседі. Алайда, ана жүрегі моншақтай қызын қимайды. Сонда Жиенғалидің немере інісі Ахмет, яғни Мәншүкті асырап алған әкесі қызды оқытып, тәрбиелеуге уәде береді. Бірақ, асырап алған қызын өз атына жазғысы келетінін айтады. Немере інісі осылай деп, қиылып сұраған соң Жиенғали сүйікті інісінің көңілін қалдырмай, Мәншүкті келіні мен бауырына аманаттайды.

Осылайша, Ахмет мен әйелі Әмина үш жасар Мәншүкті бауырына басады. Ахмет қазақтан шыққан алғашты дәрігерлердің бірі болса, әйелі Әмина әдебиет пәнінің мұғалімі, кейін Алматыдағы мектептердің бірінде әдіскер болып жұмыс істейді.

Енді Ахметтің қызы атанған Мәншүктің өмірі Алматыда жалғасады. 1931-1938 жылдары ол Алматыдағы №28 мектепте білім алады. Дәл осы уақытта Мәншүктің туған анасы және 2 жылдан кейін туған әкесі қайтыс болып кетеді.

1938 жылы дәрігер болып қызмет етіп жүрген Мәншүктің әкесі Ахмет Мәметовқа «халық жауы» деген жаза жабылады. Осындай нақақ жаламен абақтыға қамалған Ахмет сол жылы ату жазасына кесіледі. Бұл оқиға әкесін қатты жақсы көріп, еліктеп өскен қыздың жүрегіне өшпейтін қара дақ болып жағылады. Кішкентайынан әкесі секілді дәрігер болуды армандаған Мәншүк басынан осындай қиындық  өткенген кейін жұмысшы факультетіне оқуға түседі.

Бірақ, Мәншүк соғысқа дейінгі жылдарда өте көп қиындық көрді. Бұл кезде нақақ жаламен атылған Ахметтің әйелі Әминаның да басқан ізі аңдулы болды. Одан жиі жауап алынып, жесірді халық жауының әйелі ретінде көрді. Оның үстіне, бұрын жақын араласқан достары да бұл отбасынан теріс айналып, Әмина адам төзгісіз тағдырдың салдарынан ашушаң бола бастады. Тұрмыстары нашарлады. Содан Мәншүк институттағы оқуын тастап, үкіметтің басқарма істерінде хатшы болып жұмысқа тұрады.

Өзі жалғаз қалған Мәншүк 1940 жылы ауылдағы туыстарына ауыр жағдайын айтып, материалдық көмек сұрап хат жазады. Бірақ, қаршадай қыздың бұл хаты жауапсыз қалады. «Халық жауының қызы» деген атақтан үріккен туыстары жалғыз қалған Мәншүкпен байланысудан қорқып, жауап бере алмайды. Ал, Мәншүктің туған ағалары Нағи мен Қадыр Ахметтің ағасы Қанаттың қамқорлығында болды. Нағи мектеп бітіргеннен кейін Оралға оқуға келеді. Екінші ағасы Қадыр болса Орал пединститутын аяқтаған соң, кейін әскер қатарына шақырылады.

1941 жылдың басында Мәншүк өзін асырап алған апайы Әминаның үйін тастап, жатақханаға көшіп кетеді. Және осы жылы соғыс та басталып кетеді. Алдағы болашаққа деген жоспар бәрі кейінге қалды. Ол кезде Мәншүк небәрі 18 жасқа толған болатын. Көп қиындық көрген қаршадай қыз тез есейді. Бірақ, Мәншүк осы кезге дейін әкесінің атылып кеткенінен хабардар болмаған еді. Сондықтан, ол Кеңес Үкіметін қорғауға ат салысып, жазықсыз айдауға кеткен әкесі Ахметті құтқару үшін қан майданға аттануды шешеді. Себебі, сол кезде «Егер «халық жауының» балалары Отан қорғауға өз еркімен барса, онда ата-анасына жағылған қара күйе, қылмыстық жаза кешіріледі» деген желдей ескен сыбыс Мәншүктің тыныш жатуына мұрша бермеді. Ол бір жылға жуық майданға өз еркімен баруға өтініш білдіріп, әскери комиссариаттың табалдырығын тоздырумен болады.

Қазақтың қайсар қызы майданға алу туралы өтінішінде: «Мен Мәметова Мәншүк, 1922 жылы кедей шаруаның отбасында дүниеге келгенмін. Ата-анам қазіргі уақытта қайтыс болған. Жұмысшы факультетін оқып бітіргенмін, қазір Халкомкеңесте халық комиссарлары кеңесі төрағасы орынбасарының жеке хатшысы болып қызмет етемін. Өмірбаяным жөнінен қысқаша мағлұмат бере отырып, Сізден ағаларыммен және апаларыммен (қарулас) бірге фашист-қарақшыларды талқандап құрту үшін мені майданға жіберуіңізді сұрағым келеді, өйткені майданға баратындай ағайым да, апайым да (отбасым да) жоқ, сол себептен де өзім сұранамын. Өтінішімді қанағаттандыруыңызды сұраймын. 1939 жылдан комсомол мүшесі.27.08.1941ж.(М.Мәмеова)» деген.

Ол кезде Кеңес билігі әйелдерді әскерге алу туралы жарлық шығармаған еді. Ал 18-ге енді келген қазақ қыздарының әдемі туфлидің орнына керзі етікке жүгіріп, қан майданға аттануы қанда бар қайсарлық болса керек. Міне, осындай қайсарлық танытқан қазақ қызы ақыры дегеніне жетіп, 1942 жылдың 13-ші тамызында Алматыда құрылған жасақпен соғыс алаңына аттанады. Ол 100-атқыштар бригадасы еді.

1942 жылдың жаз айында  Алматыдан аттанған бригаданың құрамында 4890 жауыңгер болса, оның арасында 2 қазақ қызы болды. Ол  дәрігер Мәриәм Сарлыбаева мен Мәншүк Мәметова еді. Осы күні майданға аттанғандарды шығарып салуға қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаев та келген болатын. Мәншүкпен бірге майданға оның құрдастары Әзілхан Нұршайықов, Райымбек Байсейітов, Нұржан Құсайынов, Сұлтан Жиенбаев, Тахауи Ахтанов аттанды. 100-бригаданың командалық құрамында командир қызметінде Сақтаған Бәйішев, Асқар Закарин, Мәлік Ғабдуллин, Ыбырайым Сүлеменов, Әбілқайыр Баймолдин болды.

Ұрыс алаңына аттардан бірнеше күн бұрын бригада командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары міндетін атқарған подполковник Сақтаған Бәйішев Мәншүктің өтінішін қабыл алып, оны пулеметшілер ротасына жіберу туралы шешім қабылдайды. Осылайша, соғысқа дейінгі өмірінде де көп қиындық көрген қаршадай қазақ қызы 3 адамның шамасы әрең келетін пулеметпен танысып, оны қолдануды үйренеді. Мәншүк әскердің қиындығын ерлермен қатар көрді. Майданда ол кішкентай, нәзік Мәншүк болмады. Бас жауынгерлермен бірге жер жорғалап, қалың ну ормандардан, судан жүзіп өтті. Жаңбырлы күндері үстіндегі киімі керзі етігіне дейін малмандай су болған кездері де болды. Дегенмен, майдандағы жауынгерлер Мәншүкті мақтан тұтып, ержүректіліктің үлгісі көрді.

Мәншүк әскердегі бірінші тапсырманы штаб бастығы подполковник Мостовтан алды. Ол аға сержант Ыбырайым Сүлейменовтің алып жүруімен екінші атқыштар батальонына штабтың құжаттары бар папканы жеткізуге тиіс болды. Сол уақытта байланысшылар тобы фашистердің шабуылының астында қалса да, қазақ қызына берілген тапсырма ойдағыдай орындалып, Мәншүк алғыс алды.

Қазақтың қайсар қызы майдандағылардың көзіне бірден түсті. Мәншүк кез келген ұрыста батылдық пен өжеттілік танытып, шеберлігін көрсете білді. Тіпті, ауыр жарақат алып, өлім аузында жатқан майдандастарына көмек көрсетіп, өлім аузынан құтқарды. Өз міндетінен бөлек, санитарлық қызметті де шебер атқарды.

Мәншүк 1942 жылдың қарлы қысында Великие Луки қаласын жау қолынан азат етуге тікелей қатыса жүріп, ұрыс алаңында санитар нұсқаушы болып шайқасты. Кішкентай кезінде әкесі Ахметке еліктеп дәрігер болуды арман еткен ол медициналық институттың бірінші курсын тәмамдап үлгерген болатын. Ақыры, қан майданда жауынгерлерге көмек көрсетіп, Қайырымды солдат атанды.

1943 жылдың қарсаңында Великие Луки қаласы жау қолынан азат етіліп, арасында Мәншүк бар Ушаков батальоны Бурцево деревнясын қорғауға аттанады. Мәншүк бұл ұрыста ерекше ерлік көрсетті. Бурцево деревнясы төрт рет қолдан-қолға өтіп, шайқас одан сайын қыза түсті. Сонда жаралы жауынгерлерді жау оғынан қорғап, тасып жүрген қазақ қызы сол күні фашистерге пулеметпен оқ жаудырады. Ол көз алдында қаза болған пулеметшінің «Максим» пулеметін алып, қатарласып келе жатқан фашистерді дәл көздейді.

Мәншүк көптеген жаралы жауынгерді қорғап, медициналық көмек көрсетумен қатар, жанындағы пулеметке жабыса кететін. Ол осындай өжеттілігімен бүкіл бір ротаны жаудан құтқарып қалды. Ал, бірнеше солдатынан айырылған неміс әскері шегінуге мәжбүр болды.

Ақыры, өжет қыздың бұл ерілігі оны пулеметші боламын деген арманына жеткізді. 1943 жылы командир Мәншүктің өтінішін орындап, алдыңғы шепке алады. Сөйтіп, Мәншүк пулеметшілер батальонына алынады. Тіпті, бөлім командиріне дейін көтеріліп, сержант атағын алды.

1943 жылдың қазанында Мәншүктің батальоны Изоча станциясын жау қолынан босатуға қатысатын болды. Бұл қатал ұрыста адам шығыны көп болып, кеңес әскері артқа шегінуге мәжбүр болады. Бірақ, кері шегініп бара жатқан жауынгерлер ұрыс алаңында жазғыз өзі қайтыс болған солдаттардың пулеметін түзеп жүрген қазақ қызын көреді. Кері шегінген жауынгерлер Мәншүкті өздерімен алып кеткісі келді. Бірақ, бойын батылдық пен ашу кернеген пулеметші қыз олардың дегеніне көнбей: «Өздерің бара беріңдер, егер мен кетсем, сендерді кім қорғап қалады» деп қарсылық білдірі. Ақыры, Мәншүк көнбеген соң,  олар өздері кетуге мәжбүр болады. Міне, Мәншүк Мәметова майдандастарын жалғыз өзі осылай қорғап қалады.

Қайтпас қайсар қазақтың Мәншүгі өзінің «Максим» пулеметімен жүздеген немісті жалғыз өзі қырды. Немістер мерген қыздың қаһарлы пулеметінің көзін құртуға барын салды. Осылайша, қасық қаны қалғанша жаумен шайқасып, өшпес ерлік көрсеткен батыр қыз сол күні, 1943 жылдың 15 қазанында ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты.

stan.kz