Маңғыстаулықтар рекорд орнатты

0

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні Ақтау қаласында қазақтың ұлттық киімін киген 5000 адам жиналып, «Қазақ ұлттық киіммен ең көп адам жиналысы» номинациясы бойынша Гиннесс рекордын орнатты.

«Best Fest Nauryz» атауымен өткен шараға 5500-ден астам адам тіркеліп, қазақ халқының мәдени мұрасын әлемдік деңгейде насихаттауға өз үлестерін қосты. Олардың қатарында түрлі сала мамандары, этнос өкілдері, қариялар, сондай-ақ өңірдің шалғай ауылдары мен еліміздің өзге облыс, қалаларынан арнайы келген тұрғындар да бар.

Рекорд орнату рәсімі Каспий жағалауында өтті. Тіркеуден өткен қатысушылар арнайы жасақталған алаңға жиналып, Ұлыбританиядан келген Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілдері есеп жүргізді. Бірнеше сағатқа созылған санау нәтижесінде, қойылған талаптардың толық орындалғаны расталып, Қазақстанның жаңа әлемдік рекорд иесі атанғанын дәлелдейтін арнайы сертификат табысталды.

фото: қала әкімдігі