Маңғыстаулық студенттер бизнес форумға қатысты

0

Маңғыстауда М. Тынышпаев атындағы ҚазАТК колледжінің бес студенті Алматы қаласындағы «Enactus Kazakhstan Business Collaboration Forum» қатысып келді. Олардың жол жүру шығынын «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігі «Жол жүру гранты» жобасы аясында өтеп берді.

Форумға елдің түкпір-түкпірінен 1 118 студент қатысқан. Негізгі мақсат – белсенді студенттер, бизнес сарапшылардың басын біріктіріп, түрлі жобаларды талқылау, үздік жобаларды анықтау арқылы жастардың бизнес бастауынақ қолдау көрсету.

Форумның ашылуында Enactus Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталов сөз сөйледі.

«Мұндай жоба осында отырған әрбір адам үшін маңызды. Жастар, ортақ мақсат үшін бірігіп, еліміздің білім мен ғылым саласына өз үлестеріңді қосып жатсыңдар. Бүгінгі бизнес форум жастарға қолдау көрсету үшін ұйымдастырылды. Мен мұндағы әр студент болашақта ел мақтанышына айналатын жобаларды іске асыратынына сенімдімін», — деді Райымбек Баталов.

Маңғыстаулық жастар түрлі бағыттағы төрт жобаны ұсынған. Айтуынша, жоба үздік атанса, 3 млн теңгедей қаржылай қолдау көрсетіледі. Жоба жеңімпаздары 2024 жылдың ақпан айында анықталады.

Сонымен қатар форум аясында қатысушылар семинар-тренингтерге қатысып, білім алып, тәжірибе алмасты.