Маңғыстаудың киелі жерлерін енді ақпараттық жүйеден көре аласыз

0

Биылғы жылы еліміздегі ең киелі мекендердің бірі – Маңғыстауда цифрландыру жұмыстары сәтті жүргізілді. Іс-шаралар легіндегі ерекше атап өтетін жайт – өңірдегі қасиетті жерлердің картаға түсіріліп, артынша порталда жариялануы. Бұл мекен көптеген әулиелердің қонған жері. Тарихи туындылар мен аңыз боп қалған мұраларға да өте бай. Ал аймақтағы сәулет өнерін суреттеуге тіл жетпейді. Құдды бір орта ғасырға түсіп кеткендей күй кешесіз (әсіресе мешіттерінің салыну құрылымы). Әрине бұл жәдігерлердің жарияланғаны, көпшілікке көрсетілгені өте орынды. Осыған байланысты, облыс әкімдігі бұл жұмысты қолға алып, «Маңғыстаудың киелі орындары» атты интерактивті картасын жасақтап, ендігі таңда ақпараттық ресурсқа енгізіп үлгерді.

Mangystau.inmap.kz деп аталатын бұл жоба 2018 жылдың 30 қазанында іске қосылды. Онда көптеген кесенелер, діни ескерткіштер, тарихи қорымдар мен көне мешіттердің сұлбасы салынған. Мазмұны да жазылған. Әр нысанның өзіне сай ерекшелігі мен қасиеті баяндалған. Арнайы фотогалереясы мен 3D-панорамалары бар. Ал картасы арқылы кез келген тұрғын немесе қонақтар қалаған тарихи орнына бара алады. Немесе құнды орынды толықтай бейнежазба арқылы көре алады (портал арқылы).

Жалпы айтқанда, бұл жоба Маңғыстаудың киелі, тарихи әрі мәдени нысандарын халыққа таратуды көздейді. «Цифрлық Қазақстан» және «Рухани жаңғыру» атты мемлекеттік бағдарламалардың негізінде жүзеге асып отыр. Ақпараттық порталдың әр тармағы байыппен орындалған. Неге десеңіз, нысандар туралы тіпті аныз-әңгімелер баяндалған. Бұл жайт жас ұрпақтың рухани әрі мәдени жаңғыруына серпін беретіні сөзсіз. Әрі тарихи мұраларға деген қызығушылығын да оятары белгілі. Оны әрбір адам аталмыш сайтқа кіріп, оқи алады. Шетелдік қонақтардың да қарауына барлық жағдай жасалған. Себебі, ол 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жазылып отыр. Бюджеттен осы үшін 10 млн. теңге қаржы бөлінді. Мұны тек Маңғыстау тұрғындары ғана емес, бүкіл Қазақстан халқы көре алады. Өйткені, ақпараттық портал бәріне қолжетімді.

Осыған ұқсас тағы бір жобаның бірі – QR-код мобильдік қосымшасы.

Арнайы қосымша QR-кодтар арқылы жергілікті мәдени нысындар туралы танымдық ақпаратпен таныстырады. Яғни, сіз QR-кодты бассаңыз нысан туралы барлық мәліметтен хабардар боласыз. Осы үшін 2,8 млн. теңге көлемінде бюджеттен қаражат бөлінді. Негізінен мұндай тәсіл тарихи-мәдени мұраны насихаттаудың заманауи тәсілі. Олай дейтініміз, кез келген турист арнайы экскурсовод қызметінсіз нысан туралы ақпаратты біле алады. Мұның бәрін сіз қолыңыздағы смартфон немесе планшет арқылы біле аласыз. Осы жұмыстарды ары қарай да жетілдіре түсу үшін жергілікті әкімдік пен «Mediana Services Limited» ЖШС арасында келісім-шарт жасалған. Қазіргі таңда  QR-код мобильдік қосымшасы жұмыс істеп жатыр, онда әзірге 20 ескерткіш туралы ақпарат орналастырылыпты. Осылайша, ел тұрғындары айтулы қосымшаны пайдалана отырып, діттеген жеріне жете алатын болды. Сондай-ақ, құнды ақпараттар мен мәліметтерді оқи алатын деңгейге жетті. Ең бастысы – барлық адам үшін жайлылық жасалған.

«Қамшы» сілтейді