Маңғыстаудың білім беру саласында цифрландыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілуде

0

Кез келген елді өсіретін де, өшіретін де білім. Мемлекеттің мықтылығы оның білімді азаматтарына тікелей байланысты. Өйткені, үлкен өзгерістер мен игі істі жасайтын — адамдар. Бұны заманында Абылай хан бабамыз да: «білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деп айтып кеткен болатын. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері осы саланы көтеруге күш салып келеді. Осы тұрғыда көптеген бағдарламалар жасалып, жеңілдіктер бөлінді. Жыл санап түлектірімізге бөлінетін гранттардың саны да артып жатыр. Білім саласын оңтайландыру «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында көзделген. Осыған орай, еліміздің барлық аймағында білім саласына қатысты цифрлық форматқа көшу мен оңтайландыру жұмыстары қарқынды жүруде.

Осы шаралар Маңғыстау облысында жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. Бұған сәйкес, smart мектептер ашылып, цифрлық технологиялар қолданылуда. Атап өтер болсақ, өңірдегі барлық білім ошақтары арнайы ақпараттық жүйеге қосылған. Портал «mektep.edu.kz» деп аталады. Мұның арқасында оқушылар мен мұғалім қауымының өзара қатынасы жеңілдеуде. Ата-аналар да балаларының үлгерімін интернеттен-ақ көре алатын деңгейге жетті.  Осындай ақпараттық жүйелер экономикалық тұрғыдан тиімді ме деген сауалға келер болсақ, мектепке дейінгі мекемелерде кезекке тұруды автоматтандыру процесі көптеген оң өзгерістерге бастайды. Біріншіден, кеңсе тауарларына кететін қаржылық шығындар қысқарады (1 млн. 500 мың теңгеге дейін). Екіншіден, балабақшаға тұру процесі жеңілдетіледі.  Ал ақпараттық жүйелер болса қағаздарды үнемдеуге, ата-аналардың уақыттарын тиімді жұмсауға ықпал етеді. Атап айтар болсақ, «mektep.edu.kz» ақпараттық порталын енгізу  бюджет шығынын 8,5 млн-ға қысқартса, кестеге (табель) кететін шығынды 4,1 млн-ға үнемдейді екен.

Маңғыстау облысы білім саласында орын алып жатқан тағы жаңашылдықтардың бірі – «е-колледж» жобасы. Бұл білім алушылар мен білім берушілердің өмірін жеңілдетуге бағытталған. Бүгінде аймақтағы 26 колледжге жоба енгізілді. Айтулы бағдарлама экономикалық тұрғыдан да өте тиімді – бюджет шығындары 3 млн-ға қысқарады.

Көп жылдар бойы жүргізілген зерттеулер мен әлемдік тәжірибе цифрландырудың осы салаға көп пайдасын тигізетінін растады. Осы ретте, IT-мамандарының алар орны орасан. Инновацияны игерген мұндай біліктілер білім беру саласындағы көп кедергінің түйінін шешуге атсалысатын болады. Бұл тұрғыда еліміздің жетекші партиясы – «Нұр Отан» партиясының «балаларға арналған тегін IT-cыныптар» атты жобасы бар. Аталмыш жоба киелі мекен Маңғыстауда да орындалып жатыр. Қазіргі көрсеткіштерге сүйенсек, 34 IT-cыныбы ашылыпты. Айта кетер болсақ, биылғы жылға 35 IT-cыныбын ашу жоспарланған болатын. Қалада – 17-сін, ауылдық елді мекенде – 18-ін ашу көзделген.  Сондай-ақ, өңірдегі 134 мектептің 112-сі Wi-Fi-мен қамтамасыз етілген.

«Қамшы» сілтейді