Маңғыстаудағы көл онкологиялық ауруға шалдықтыратыны рас па? Аймақтың бас онкологы жауап берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Маңғыстау облысындағы уран карьеріне жақын орналасқан, тұрғындар демалатын көлдің денсаулыққа зиян екенін, шомылуға жарамсыз екенін жергілікті экологтар растады. Бұған дейін тур-блогерлер әлеуметтік желілерде облыста онкологиялық аурудың көп екенін айтып дабыл қаққан еді. Stan.kz тілшісі Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінің директоры Нұрлан Нұриддинұлынан мән-жайды анықтап көрді.

маңғыстау

Дәрігердің сөзінше, көлдің адамдарға нақты қандай зияны болатынын айту қиын. Егер көлден  радиоактивті заттар табылса, адам денсаулығына кесірі алапат екені түсінікті.

«Шындығында нақты ақпаратқа қанық болмағандықтан, ол көлдің зияны туралы айта алмаймын. Ол ауданнан маған онкологиялық аурумен шағымданып келетін науқастар аз. Маңғыстаудағы Мұнайлы ауданының Батыр деген ауылынан күнде адамдар онкологиялық аурумен түседі. Өйткені ол жақта мұнай өндірісі қарқынды, қалдықтар көп. Ал улы көл орналасқан ауылдан адамдар ауруханаға келіп шағымдарын айтатын болса, біз осы уақытқа дейін онкологиялық аурудың өсімін байқайтын едік», — дейді бас онколог-дәрігер Нұрлан Нұриддинов. 

Көл дауынан кейін жергілікті тур-блогерлер Маңғыстау облысында онкологиялық аурудың дендеп тұрғанын айтқан еді. Осыған байланысты дәрігердің өзінен соңғы жылдардағы облыстағы онкологиялық аурудың өсу деңгейі қандай деп сұрадық. 

«Маңғыстау тұрғындарының саны бұрынғыға қарағанда өскенін ескерсек, онкологиялық ауруға шалдыққандар саны да өскені рас. Осыдан 5 жыл бұрын халық санына байланысты  онкологиялық ауруға шалдыққан адамдар саны аз болғаны түсінікті. Онкологиялық ауруды екіжақты қарастыруға болады. Біріншісі — ауруы асқынғанда келетіндер, екіншісі — аурудың бірінші сатысында яғни дер кезінде анықтайтындар. Екеуінде былай қарасаңыз, айырма жоқ сияқты, бірақ ауырып келген адам мен алдын-ала анықтаған адамның арасы жер мен көктей», — деген бас онколог ауруды бірінші сатысында анықтау көп қиындықтың, жамандықтың алдын алатынын айтады. 

«Бір қуаныатыным, қазіргі кезде мемлекеттік онкологиялық бағдарламалардың арқасында ауруды дер кезінде анықтап жатырмыз. Ол адамда ауру бұрыннан бар болуы мүмкін, бірақ анықталмай жүрген. Бұл бір жағынан жақсы болғанымен, өкініштісі, аурудың бар екенін көрсетеді. Ауруды ерте анықтаудың арқасында келген адамдардың 60%-ға жуығы 5 жылға дейін өмір сүру мүмкіндігіне ие болып жатыр. Бұл бүкіл республикадағы ең жақсы көрсеткіш», — деді Нұрлан Нұриддинов.

Дәрігердің сөзіне сенсек, былтыр Маңғыстауда 850-ге жуық адамнан онкологиялық ауру анықтап, оның 350-ге жуығы көз жұмған. Ал бұл — республика бойынша обырдан келетін өлімнің ең төменгі көрсеткіші. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін хабарлағанымыздай, маңғыстаулық тур-блогер Берік Дәуенов қала тұрғындары барып жүрген көлдің кесапатын айтып дабыл қаққан еді. «Коронавирустың зияны бұл көлдің қасында айналайын болып қалады» деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

stan.kz