Маңғыстауда сарбаз өліміне қатысты сот үкімі шықты

0
86

Ақтау гарнизонының әскери сотында «Үстірт» шекара бекетінде көз жұмған сарбаз өліміне қатысты сот үкімі оқылды деп хабарлайды Қазақтанның әскери соты. Сот шекара бекетінің бес қызметкерін түрлі мерзімге соттаған.

Сот үкіміне сәйкес, “Үстірт” шекара қызметінің бастығы Мусаев (айыпталушылардың аттары аталмайды) – төрт жылға, оның орынбасары Садабаев пен психолог-офицер Идрышев – бес жылға, жедел әскери қызмет өкілдері Әбікенов пен Әлмұқан – төрт жылға сотталған. Әскери сот ақпараты бойынша, қылмыстық кодекстің 63 бабы негізінде Әлмұқанға шартты жаза тағайындалған.

«Бұдан бөлек, жәбірленушінің моральдық және материалдық шығын келтіруге қатысты азаматтық шағымдары жартылай қанағаттандырылды. Сотталушылар жәбірленушіге моральдық өтемақы ретінде 1 млн 500 мың теңге көлемінде ақша төлеуі тиіс. Сонымен бірге сотталушылардан материалдық шығын ретінде 2 млн 262 мың теңге көлемінде қаражат өндірілді» делінген әскери сот хабарламасында.

Әскери сот дерегінше, 2018 жылы шілденің 10-ында шекара бекетінің қызметкерлері сарбаздарды сапқа тұрғызып, екі сағат бойы жаттығу жасатқызған. Күн ыстық болғандықтан кейбір сарбаз өздерін нашар сезініп тұрғанын айтқан. Бірақ офицерлер олардың шағымын елемеген.

Ауыр жаттығудың кесірінен сарбаздардың бірі – Бақытбек Мырзамбековтің басы айналып, өзін нашар сезіне бастаған. Бес күннен кейін шекара бекетінде қайтыс болған.

Бұл оқиғадан соң тергеу амалдары басталып, шекара бекетінің бастығына «қызметіне салғырт қарады» деген айып тағылған. Оның орынбасары Садабаев пен офицер-психолог Идрышевке – «билікті асыра пайдалану», қалған екі әскери қызметкерге – «жарғылық қағидаларды бұзу» баптары бойынша айып тағылған. Олардың айыпты мойындағаны-мойындамағаны туралы ақпарат жоқ.

Әскери сот дерегінде оқиға болған күндері шекара бекетіндегі сарбаздардың түнде соққыға жығылғаны туралы да ақпарат бар. Сот үкімі әзірге күшіне енбеген.

Бұған дейін жергілікті ақпарат агенттіктері Қарағанды облысының тумасы, 21 жастағы Бақытбек Мырзамбековтың туыстарының «Бақытбек жүрек ауруынан қайтыс болды» деген дерекке сенбейтіні туралы ақпарат жариялаған. Туыстарының айтуынша, ресми құжатта сарбаздың жүрек ауруынан қайтыс болғаны жазылыпты. Олар сарбаздың денесінен ісік байқалғанын, «оны ұрып-соғуы мүмкін» деп айтқан.

Қазақстанда әскердегі өлім туралы ақпарат жиі шыққанмен арнайы статистика жоқ. Қараша айында Шығыс Қазақстан облысында әскерде бірнеше ай қызмет еткен 19 жастағы сарбаздың «өзін-өзі атқаны» туралы ақпарат шыққан. Ұлттық қауіпсіздік комитеті солдат өліміне байланысты «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Дереккөз: Азаттық