Маңғыстауда пәтерді қандаладан тазалаймын деп екі адамды өлтіріп алған жігіт сотта өз шындығын айтты — Қазақстан жаңалықтары
Маңғыстау облысында қандаланы улаймын деп екі адамның өліміне себеп болған ер адам сотта жауап берді. Тергеу мәліметі бойынша, сотталушы Ғалымжан Жайлаудың лицензиясы болмапты. Ол қандаланы улау үшін ауыл шаруашылығына арналған улы химикатты қолданған. Алайда ол сотта өзіне шаң жуытпады, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.
Тергеу мәліметтері бойынша, Ғалымжан Жайлаудың лицензиясы болмаған. Ол Алматыдағы компаниялардың бірінің атын жамылып жұмыс істепті. Тіпті, қандаланы жою үшін ауыл шаруашылығына арналған улы химикатты қолданған. Мамандар мұндай дәріні үйге жолатуға болмайтынын айтыпты.
Алайда сотталушы сотта өзіне шаң жуытпады. Ол өзінің 5 ай ғана жұмыс істегенін айтып, қандаланы улау шараларын жұмыс берушісінің нұсқаулығы бойынша жүргізгенін айтты. Ол өзінің кінәсіз екенін дәлелдейтін дәлелдері де бар екенін айтады.
«Түскен өтініші, чектері бәрі бар. Бұл жерде оператор – Әсел. Ол маған түскен тапсырыстарды беріп отырады. Директордың інісі Димаш бар. Ол да маған тапсырыс жіберіп отырды. «Базардан сатып ал», — деді. Бәрін істеп отырдым», — дейді сотталушы.
Ал оқиға салдарынан көз жұмған екі адамның туыстары кінәлілерді қатаң жазалауды сұрап отыр. Сонымен қатар олар шенеуніктерден аймақтағы осы тәрізді жағдайларға назар аударуын талап етті. Себебі осы оқиғдан кейін Ақтауда да зиянкестерді улау шарасы алты жасар баланың өліміне алып келген еді.
«Менің келінім жеті қабат жер астында жатыр. Білесіңдер ме, түсінесіңдер ме, ананың баласы қайтқанын қалай болатынын? Менен балам сұрайды: «Анашым қайда?» — деп. Жүрегім ауырады. Бұлар болса маған аузымды жабу туралы айтады», – дейді марқұм Шынарай Сүйіндіктің енесі Жаңылсын Сисенғалиева.
Еске сала кетсек, бұған дейін Маңғыстау тұрығыны пәтерін қандаладан тазалаймын деп көршілерін өлтіріп алғанын хабарлаған едік. Тұрғындардың бірі компания қызметкерлерін өз пәтерін бүргеден тазалауға шақырған. Қызметкерлер келіп тазалау жұмыстарын атқарған соң, алты көршісі ауырып қалады. Олардың екеуі қайтыс болды. Бірі 29 жастағы әйел, бірі 2 жасар бала.
Артынша күдікті ретінде дезинфектор Ғалымжан Жайлау ұсталып, үй қамағына алынды. Оған қатысты ҚР ҚК «санитарлық қағидаларды бұзып, екі адамның өліміне әкелу» бабы бойынша іс қозғалған. Оның кінәсі дәлелденген жағдайда 10 жылға дейін қамалуы мүмкін.
stan.kz