Маңғыстауда газдан тапшылық көрген кәсіпкерлер наразылық білдірді

0

Бүгін, 3 ақпанда Маңғыстау облысының сұйытылған автомобиль газын сатумен айналысатын 52 кәсіпкері облыстық әкімдік алдына жиналды. Олар облыста шығатын газдың дұрыс бөлінбеуі салдарынан кәсіптерінің тоқтап қалғанына шағымданады. Наразы кәсіпкерлер Маңғыстау облысы әкімдігіне кеше кештен бері жиналған.

Бұл туралы Азаттыққа кәсіпкерлердің бірі Мұхит Нұртаев хабарлады. Кәсіпкердің сөзінше, ақпаннан бастап Маңғыстау облысындағы Түпқараған ауданының сұйытылған газ сатумен айналысатын 23 кәсіпкер, Мұнайлы ауданының 29 кәсіпкер жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.

— Біз газды барлық ауданға теңдей бөлуді талап етеміз. Өткенде Жаңаөзен қаласы тұрғындары наразылығынан соң олардан сескеніп 52 тонна газды артық берді. Соның салдарынан біз газсыз қалдық. Бұл тек кәcіпкерлер емес олар жұмыс беріп отырған адамдарды қоса алғанда 300-дей адам жұмыссыз қалды деген сөз, — дейді ол.

Наразы кәсіпкерлер соңғы кезде газ сатуға өзгеріс еніп, электронды сауда алаңына шығарғанымен оның артында «жеке адамның мүддесі тұр» деп санайды. Электронды сауда алаңына шығып, еркін бәсекелестікпен газ сатып алуға тырысқан кәсіпкерлер «интернет желісінің нашарлығынан белгіленген уақытта сатып алып үлгермейтіндерін, үлгерген күннің өзінде газсыз қалып отырғандарын» айтады.

Олар жексенбі, 2 ақпан күні өздерімен сөйлескен облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаевтың «басқа кәсіппен айналысыңдар» деген сөзіне наразылық танытып, Қазақстан президенті Қасым -Жомарт Тоқаевқа видео жолдау жасады.

«Талабымыз орындалмай ешқайда бармаймыз» дейді олар.

Азаттық тілшісі Маңғыстау облысы әкімдігіне қоңырау шалғанымен тұщымды жауап ала алмады. Әкімнің баспасөз хатшысы Самат Сүлей бұл мәселеге қатысты «жиналыс болуы мүмкін» екенін жеткізді.

— Анықтау керек. Оларға түсіндірдік. Қазір әкім бе, орынбасары ма қабылдауы мүмкін, — деді ол.

Маңғыстау облысында сұйытылған газдың көлемі мен бағасына қатысты дау жиі туындайды. Аймақта «Қазақ газ өңдеу зауыты» болғанымен тұрғындар газ бағасының жиі құбылып, газ тапшылығының қайталана беретініне шағымданады. Биылғы қаңтарда Жаңаөзен қаласы тұрғындарының наразылығынан соң энергетика минитсрлігі өкілдері келіп қалаға бөлінетін газ көлемін ұлғайтқан.

Маңғыстау облысында 300-ден астам кәсіпкер өңірден шығатын сұйытылған газды сатумен айналысады. Газ сатумен айналысатын 400-ге жуық жеке меншік бекет бар. Жаңаөзен қаласында орналасқан «Қазақ газ өңдеу зауыты» ай сайын 14-14,5 мың тонна газ өндіреді. Аймақта газға сұраныс – 17 мың тонна. Энергетика министрлігі жетпеген газ көлемін «Ақтөбемұнайгаз-СНПС» компаниясы есебінен жауып келеді. Бірақ аймақта газ жеткілікті көрінгенімен, газдың бағасы бірнеше жылдан бері тұрақталмай тұр. 2011 жылдары аймақта газ бағасы 30-35 теңге болатын. Қазір 55-60 теңге арасында сатылып жатыр.

Azattyq