Маңғыстауда газ бағасын 50-60 теңгеге түсіре алмаймыз — энергетика министрі
Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Жаңаөзен халқының сұйытылған газ бағасын 50-60 теңге түсіру туралы талабын орындай алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz сайты Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
«Газдың өзіндік құны деген бар. Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытында қала тұрғындары да жұмыс істейді. Бұл әбден тозығы жеткен зауыт. Ондағы өңделген газды 136 мың теңгеге сатты. Оған дейін газ бағасы өте төмен деңгейде бекітілген болатын. Яғни, 38 мың теңге. Ешбір зауыт өзіндік құны төмен өнім шығарса, көпке шыдамайды. Газ бағасын 85-90 теңгеге азайту Үкіметтің шешімі емес, бұл сол Маңғыстауда жұмыс істеп тұрған газ станциялары басшыларының шешімі. Ал біздің шешім 2018 жылы қабылданған. Заңға тиісті өзгерістер енгізілген. Осы жаңа бағаға көшуге 3 жыл мерзім берілген. Жағдай сондай», − дейді министр.
Министр БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап беру кезінде бағаның көтерілуін алдын ала Маңғыстау облысының тұрғындарына хабарлап, түсіндіру жұмыстарының жүргізілмегенін мойындайтынын айтты.