Маңғыстауда балабақша тәрбиешісі бір жасар қыздың қолын шығарып жіберген
![](https://kznews.kz/wp-content/uploads/2025/02/IMG_7443-905x576.jpeg)
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылында орналасқан жеке меншік балабақшалардың бірінде тәрбиеші бір жасар бүлдіршінді ұқыпсыз көтеріп, қолын шығарып алған.
Оқиғадан кейін алғашқы медициналық көмек көрсетілмеген. Ал ата-анасы баласының жарақат алғанын тек үйге келген соң аңғарған.
Бейнебақылау жазбаларынан тәрбиешінің қызды тыныш отырған жерінен жұлқылап, орындыққа отырғызғаны көрінеді. Алайда бала сол сәтте жыламаған. Тек кешкісін үйінде қолының ауыратынын айтып, ата-анасына шағымданған.
Бұған қоса, бейнежазбаны сараптау барысында тәрбиешінің гигиеналық талаптарды өрескел бұзғаны анықталды. Ол бір қасықпен бірнеше балаға сорпа берген, яғни асхана тазалығы сақталмаған. Осы олқылықтардан кейін тәрбиешінің көмекшісі де жұмыстан шеттетілді.
Ал балабақша басшысының айтуынша, бұл кездейсоқ болған жайт.
“Видеода тәрбиешінің тек баланы көтеріп, орнына отырғызғаны ғана көрінеді. Құзырлы органдар да кадрларды қарап шықты, мұнда қасақана зорлық-зомбылық жоқ. Ал тамақ беру мәселесіне келсек, қызметкер ыдыс-аяқты жууды жеңілдету үшін осылай жасаған», — дейді Раушан Аяпбергенова.