Маңғыстау темір жолы: толассыз тасымалдар

0

Теміржолдың ашылған жылғы ұзын­дығы 814,4 шақырым болса, бүгінгі таң­да бұл көрсеткіш 1359,8 шақырымды құ­райды, ал стансалар мен бекеттер саны 35-тен 60-қа дейін артты. Бұл оң өз­­герістер өңірдегі жұмыспен қамту мә­се­ле­сіне өз әсерін тигізіп, жалпы темір­жол­ш­ының саны екі есеге, яғни 2800 адам­нан 5804 адамға дейін жетті. 

Маңғыстаудың географиялық орналасуы бөлімшенің транзиттік жүктерді тасымалдауына басымдық береді. Темір­жолдар «Оазис» стансасы арқылы Өзбек­станмен, «Болашақ» стансасы арқылы Түрікменстанмен және Құрық, Ақтау халықаралық теңіз порттары арқылы Каспий маңы елдерімен жүк тасы­малын жүзеге асыруда орасан мүм­кіндік­терге ие. Теміржол арқылы астық дақыл­дары, құрылыс материалдары, қиыр­шықталған тас, халық тұтынатын тауар­лар мен металл өнімдері тасымалданады. 

«Қазақстан темір жолы-жүк тасымалы» АҚ филиалы «Маңғыстау жүк тасы­малы» бөлімшесінің директоры Н.Гу­ба­шовтың айтуынша, 2018 жылдың 10 айы бойынша жүк тасымалының көрсеткіші 63478 вагон 3989, 4 мың тонна, яғни өт­кен жылмен салыстырғанда 751,0 мы­ң­ға артып, орындалуы 123,2%-ды құрады. 

Маңғыстау облысы бойынша әлеу­мет­тік жағынан маңызды саналатын жүктер – бидай, тас көмір тиелмесе де, оны тасымалдау жұмыстары жүзе­ге асырылады. Ақтау теңіз сауда порты арқылы Иранға арпа, Болашақ шек­аралық теміржол стансасы арқылы Тү­рік­­менстан, Ауғанстан және Иран ел­дері­не астық, бидай, ұн және макарон өнім­дері тасымалданады. 

Халықаралық көлік дәлізінің маңыз­ды бөлігі саналатын, Ақтау теңіз сау­да порты арқылы тасымалданатын жүк көлемін 19 млн тоннаға дейін арт­­тыру мақсатында салынған астық тер­ми­налдарының құрылысы, құрғақ жүк­тер­ді сақтайтын және порттың инфра­құрылымдық нысандарының Солтүстік терминал құрылысы пайдалануға беріл­геннен кейін теңіз арқылы тасымал­да­­на­тын жүк көлемі жылдан-жылға ұ­л­­­ға­­­йып, мөлшері артты. Сондай-ақ «Ақбидай» және «Солтүстік» бидай тер­­­­­ми­­н­алдары арқылы 2017 жылдың 10 айы­­­­ның қорытындысы бойынша 153 ке­ме­ге 632 тонна бидай тиелсе, осы жыл­дың 10 айының көрсеткіші бойынша 343 кемеге 1 млн 332 мың тонна бидай тиел­ді. Осылайша тасымалдау көлемі 2 есеге ұлғайып, 210% көрсеткішті құра­ған. Ал Құрық теңіз порты арқылы 2017 жылы 1 млн 427 мың тонна жүк өт­кі­зілсе, биыл 2018 жылдың 10 айы бо­йын­ша 1 млн 455 мың тонна жүк тасымалданды.

– Әлеуметтік жағынан маңызды саналатын «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» тас жолы­ның құрылысына Шетпе стансасынан 2017 жылдың 10 айында 9609 вагон немесе 657166 мың тонна қиыр­шықтал­ған тас тиелген болса, ол көрсеткіш 2018 жылдың 10 айында 27156 ашық вагон, немесе 1 млн 851,335 мың тоннаға, яғни 141,9%-ға артып отыр, – деді Н.Губашов. 

«Нұрлы жол» және индустриялық-инно­вациялық мемлекеттік бағдар­ла­малардың іске асырылуы барысында халықаралық маңызы бар ірі жобалар «Бейнеу-Сексеуіл», «Өзен-Болашақ», «Боржақты-Ерсай-Құрық» жаңа темір­жол желілері іске қосылды. Аталған ба­ғыт­тар бойынша контейнерлермен бидай, халық тұтынатын тауарлар, комбайн­дар, контейнерлік пойыздар, астық дақылдары, мұнай және өзге де жүк тасымалы жүзеге асырылады. 

Саладағы жаңашыл істердің бірі – мультимодальді көліктік үдемелі даму мақсатында транзиттік және ішкі сауда жүктерін тарту мен интеграциялық логистикалық өнімдерді дамыту аясында құрылған Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша 2017 жылда жүк тасымалының көлемі 2 млн тонна жүкті құрады және 102 мың контейнер тасымалданған болатын, 2018 жылы тасымалданатын жүк көлемін 4 млн тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр. 

Маңғыстау темір жолы бөлімше­сін­дегі тағы бір жаңалық – келесі жылы «Маңғышылақ-Ақтөбе» және «Маң­­ғы­шы­лақ-Алматы» бағытындағы жолау­­шы­лар пойыздарының вагондары жаңар­тылмақ. Бұл жөнінде «Қазақстан темір жолы» ком­паниясы мен Көлік және ком­муникация­лар министрлігі арасын­да келісім жасалған. Қазіргі таңда Украи­на­да жасалған жаңа вагондар 2019 жыл­дың жаз айына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарланған. 

Маңғыстау темір жолдары тасымал және қарым-қатынас үшін тиімді көлік жолы ретінде өз жаңғыруын жалғастыра беретін болады. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы