Маңғыстау облысында 63 жастағы әжей үш немересімен бірге үйшікте тұрып жатыр
Маңғыстау облысы, Қызылтөбе елді мекенінде жасы 63-ке аяқ басқан қарт әже үш бірдей жиен немересімен көлік жөндеу аумағындағы үйшікте тұрып жатыр. Мұндайға олар жоқшылықтың кесірінен амалсыз барған. Қазір бұл отбасы қара су мен бір үзім нанға да зәру. Тіпті, кейбір кезде ол да болмай қалатын көрінеді.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Үйшікте күнелтудің өзі, әрине, қиын. Дегенмен амал жоқ. Тұруға мәжбүр. Өйткені бұл отбасына қол ұшын беретін жақын туысы да жоқ екен. Ал кішкентай жиен немерелері нағашы әжесіне еркелеп, «жеке баспанамыз қашан болады» деп армандайды екен.
Отбасы бұл үйшікте тұрып жатқанына 5 айға жуықтапты. Ал бұған дейін әр жерде пәтер жағалап, күнелтіп жүрген. Екі жыл бұрын күйеу баласы қайтыс болғаннан кейін, жағдайлары тіпті қиындап кетіпті. Жоқшылық қыспаққа алғанын айтады. Ал Тамара әжей бірнеше жыл бұрын алаяқтардың арбауына түсіп, баспанасынан мүлде қол үзіп қалған.
«Балалардың әкесі қайтыс болғаннан кейін, балалардың анасы осы жаққа жұмыс іздеп келді. Сөйтіп квартира жалдап жүрдік. Мен өзім 10 жыл бұрын үйімнен айырылдым. Алаяқтарға алдандым», — деді Тамара Дәрібаева.
Балалардың анасы әр жерде жалданып жұмыс істейді. Ыдыс-аяқ жуып, еден тазартады. Азын-аулақ қаражатқа балапандарына тамақ әкеп береді. Осылайша, бар тапқан-таянғаны ішіп-жемнен артылмайды. Қазір үлкен немересінің жасы 9-да, ол 3-сыныпта оқиды. Ал ортаншысы 7-де, ең кенжесі 1 жастан асыпты. Бұл отбасының тұрақты мекен-жайы да, тіркеуі де жоқ. Салдарынан тиісті жәрдемақы да ала алмай отыр. Ал 7 жастағы ұлы мектеп табалдырығын әлі аттамаған. Бұл күйбең тірліктен әбден қажып, қатты қиналған соң, еріксіз көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр.
«Ешкімнен ешнәрсе сұрап, ешкімге барып жағдайымды айтқан жоқпын. Енді қиналып кеттік балалармен. Халықтан көмек сұраймын. Ұялдым. Ұялсам да, амалым жоқ, сұрап отырмын», — деді кейуана.
Мүмкін, әкімдіктен қандай да бір көмек болар деген үмітпен хабарластық. Ақжағалылар үнсіз қалмады. Шенеунік бірден атқа қонды да, үйшікке жетіп келді. Ол зейнеткермен тілдесіп, барынша көмектесуге уәде берді.
«Тиісті мамандар қазір құжаттарын қарап, ішке алып келеміз. Құжаттарын түгел қараймыз. Сосын мына балалардың мектебі бар. Керек болса, балабақшасы бар. Басқа жағдайын да. Сосын бізде Мұнайлыда жатақхана бар. Жатақханаға баратын болса, ол тез шешілетін мәселе. Ал енді басқа елді мекенге баратын болса, ол мәселені де қарастырамыз. Жалпы бізден толықтай көмек болады», — деді Мұнайды ауданы әкімінің орынбасары Ержан Күмісқалиев.
Әкімдіктегілер уәдесінде тұрса, бұл отбасы көп кешікпей жатақханаға қоныс аударуы мүмкін. Ал «мұның өзі үлкен көмек, сәл де болса, бар қиындықтар артта қалар еді»дейді үш баланың әжесі.