Маңғыстау облысында 25 мамырдан бастап карантин режимі жеңілдетіледі

0

Маңғыстау облысында дүйсенбіден бастап бірқатар кәсіпкерлік нысандары ашылады, бірақ олар санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс

НҰР-СҰЛТАН, 23 мамыр – Sputnik. Маңғыстау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерғали Сыдымановтың қаулысымен өңірде 25 мамырдан бастап карантин шаралары жеңілдетіледі. 

«Қарақия ауданының Құрық ауылына және Түпқараған ауданының Форт-Шевченко ауылына кіретін жолдарды қоспағанда мемлекеттік шекарада, көршілес облыстармен шекарада және қалалар мен аудандар айналасында блок-бекеттер жұмысын жалғастырады. COVID-19 ауруы тіркелген елді мекендер әлі де қоршауда болады», — деді Сыдыманов. 

Дегенмен, 25 мамырдан бастап жазғы алаңы бар, сондай-ақ ғимарат ішінде жұмыс істейтін жалпы сыйымдылығы 30 орынға дейінгі қоғамдық тамақтану объектілері ашылады. Олар санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс, сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. 

Сонымен қатар сауда-ойын-сауық орталықтары сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Тек қоғамдық тамақтану және ойын-сауық қызметтері (кинотеатрлар, ойын алаңдары, фуд-корттар, мұз айдындары) іске қосылмайды.

«Халыққа қызмет көрсету нысандары (көшедегі балалар аттракциондары және басқа да объектілер) сағат 10:00-ден 21:00-ге дейін ашылады. Адамдар көп жиналмауы керек және ұзақ әрі тығыз байланыс болмауы шарт. Әрі күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау міндетті», — деді өңірдің бас санитар дәрігері. 

Бұдан бөлек, барлық меншік түріндегі спорт нысандары (фитнес, йога) сағат 10:00-ден 21:00-ге дейін жұмысын қайта бастайды. Бірақ адамдарды қабылдау тек 30%-ке дейін болуы керек. Бассейндер ашылмайды. 

Мал базарлары сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін қызмет көрсетеді.

«Бейнеу ауданын қоспағанда, халыққа қызмет көрсету орталықтары халықтың көп жиналуына жол бермеу және кемінде екі метр әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін алдын ала жазылу бойынша электронды кезекпен жұмыс істейді», — деді Сыдыманов. 

Ол карантиндік іс-шаралардың режимі мен мерзімі COVID-19 коронавирус инфекциясының таралу жағдайына байланысты өзгертілуі мүмкін екенін атап өтті. 

Соңғы деректерге сүйенсек, Маңғыстау облысында 164 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.



sputniknews.kz