Маңғыстау облыстық соты белсенді Көбейсінов пен әйелінің үкімін өзгертпеді

0
63

6 ақпанда Маңғыстау облыстық соты полиция бастығының «жала жапты» деген арызымен сотталған ерлі-зайыпты Жамбыл Көбейсінов пен Ділбар Бегжанованың апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.

Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық соты 2019 жылы 13 желтоқсанда Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» бабы бойынша ақтаулық белсенді Жамбыл Көбейсінов алты айға түрмеге қамап, оның әйелі Ділбар Бегжанованың бас бостандығын алты айға шектеген. Сотқа олардың үстінен Маңғыстау ауданы полиция бөлімшесінің бастығы Рашид Қуандықов шағым түсірген.

6 ақпанда Облыстық соттың судьясы Азат Ізбасаров алғашқы инстанцияның шешімі өзгеріссіз қалғанын жария етті. Судья бірінші сатыдағы сот шешімі дұрыс шығарылғанын айтты. Көбейсінов пен Бегжанованы қолдап келген белсенділер судья шешіміне наразылық білдіріп, залда «масқара» деп айқайлады. Кейін олар Маңғыстау облыстық сотының алдында да сот шешіміне наразылық білдірді. Сотқа келгендер «саяси тұтқындарды», Көбейсінов пен Бегжанованы ақтауды талап етті. Сотқа барған ақтаулық белсенді Айгүл Ақбердінің айтуынша, айналаны полиция жасақтары бақылап тұрған.

Көбейсіновтің сотына қолдау көрсетуге келгендердің сөзінше, сот залына адам сыймағандықтан, тек он шақтысы ішке кіре алған, қалғандары сыртта күткен. Сот отырысында фото, видео түсіруге тыйым салынған.

Жамбыл Көбейсінов пен Ділбар Бегжанованың адвокаты Жанар Сүндетқалиева 5-6 ақпанда өткен апелляциялық сотта судья Азат Ізбасаров алты өтініштің бірде-бірі қанағаттандырмағанын айтты.

– Судьяға сенімсіздік білдірдім. Басқа сот талап еттім. Бірақ ол да қанағаттандырылмады. Алдыңғы сот отырысында заңсыздықтар өте көп. Оның барлығына қатысты дәлелдеріміз ескерусіз қалды, – деді ол Азаттыққа.

Оқи отырыңыз: «Полиция басшысына жала жапты». Әйелімен бірге сотталған белсенді

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында тұратын 35 жастағы Жамбыл Көбейсінов әлеуметтік желіні белсенді қолданатын блогер ретінде танылған. Ол YouTube желісінде жеке каналын ашып, Қазақстандағы көп балалы отбасылардың ауыр тұрмысы, қазақ тілінің жағдайы, сайлау туралы, Жаңаөзен тақырыбы тәрізді қоғамдағы өзін толғандырған көкейкесті мәселелер жайлы ой-пікірін айтып, видеолар жариялап отырған.

Жамбыл Көбейсінов пен Ділбар Бегжанованың алты баласы бар. Белсенділер желіде көп балалы отбасының тұрмыстағы қиындықтары жайлы жиі жазып, көмек сұрайды.

Azattyq