Маңғыстау медицинасын цифрландырудағы оң өзгерістер

0

Мемлекеттің денсаулық сақтау саясаты ел азаматтарының сау әрі ұзақ өмір сүруіне  бағытталған. Өлім-жітім көрсеткішін төмендету, ана мен баланың денсаулығын жақсарту, еңбекке жарамды азаматтардың санын ұлғайту –отандық медицинаның басты міндеті саналады. Дамыған 30 елдің қатарынан көріну үшін ЖIӨ көрсеткіштерін көтеріп қана қоймай, халықтың денін сау ету – мықты мемлекетке тән дағды. Қазақстанның медицинасы да жыл өткен сайын жанданып, заманауи талаптарға сай болуға тырысып бағуда. Бұл прогрестерге жету үшін бірқатар жоспарлар мен жобалар жүзеге асып та жатыр. Соның бірі – «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы.

Денсаулық сақтау саласында цифрлық технологияларды қолдану негізгі мәселелерді шеше алатыны туралы бағдарламада жазылған. Яғни, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы, сондай-ақ аурулардың алдын алу мәселелері шешіледі. «Денсаулық сақтауды цифрландыру медициналық қателіктердің санын төмендетуге, қызмет көрсетудің сапасы мен жылдамдығын, сондай-ақ басқарушылық шешімдерді қабылдау сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – делінген аталмыш бағдарламада.

Бұған қоса, цифрлық жаңашылдықтар еңбек өнімділігін арттыруға, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталып отыр. Бұл өз кезегінде пациенттер мен дәрігерлердің уақытын 50 пайызға дейін үнемдеп, дәрігерге баруды 2 есеге қысқартады. Ең бастысы – диагноз қорытындылары уақтылы шығады. Бұл бұған дейін осы саладағы түйткілді проблемалардың бірі саналған еді. Сонымен қатар, электронды кезектің арқасында кезек күту уақыты 30 пайызға азаймақ. Мұның нәтижесі түрлі шиеленістер мен көптеген жайсыздықтарды болдырмауымен көрінеді.

Аталған мәселелерге байланысты халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру маңызды. Осы орайда, Маңғыстаудағы денсаулық сақтау ұйымдарының бастамасымен цифрлық сауаттылықты үйрететін 29 орын әзірленген. Бұл 2018 жылдың 1-ші сәуірінен қолға алынып, бүгінде 321 мыңнан астам адам медициналық цифрлық сауаттылық курсынан өткен.

Маңғыстау облысында цифрландыру жұмыстарына сәйкес, мынадай жұмыстар атқарылуда: денсаулық сақтау мекемелерінің 89-ы интернетпен қамтамасыз етілген; 2612 жұмыс орнының 98 пайызы компьютермен жабдықталған; 34 денсаулық сақтау орталығы медициналық ақпараттық жүйемен 100 пайыз қамтылған. Оның ішіндегі 29 денсаулық сақтау мекемесі қағаздан бас тартып, электрондық құжат айналымына көшкен.  Тағы да айта кетерлік жайт, өңірде медицалық қызмет ұсынатын мобильді бағдарламалар да жақсы жұмыс істеуде. Статистика бойынша 115 мыңнан астам адам мобильді қосымшаға тіркеліпті. Электронды денсаулық паспортына да көшу процедурасы жоғары сатыда тұр. Яғни, халықтың 94 пайызы электрондық медициналық төлқұжатпен қамтамасыз етілген. Ал ақпараттық жүйелердің қызметін 1 623 320 адам пайдаланған.

Естеріңізге сала кетсек, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында денсаулық сақтауды цифрландырудың басты мақсаты ретінде  денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, медициналық қателіктердің санын азайту, ортасында емделуші мен оның денсаулығы туралы ақпарат тұратын жүйені құру белгіленген.

«Қамшы» сілтейді