Маңғыстау медицинасы қағазбастылықтан толықтай арылды ма?
Бүгінгі таңда Қазақстанда денсаулық сақтау саласындағы кедергілер мен мәселелерді жою мақсатында құжат айналымдарын электронды форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде. Өйткені, қағазбастылықтан арылу – дәрігерлер мен пациенттердің уақытын үнемдеп, бірқатар экономикалық тиімділіктер береді. Осыған орай, 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап бүкіл Қазақстанның медицинасы электронды форматқа көшіріледі.
Қазіргі көрсеткіштерге сүйенсек, еліміздің 8 аймағындағы емханаларда қағазсыздандыру жұмыстары атқарылуда. Осы жөнінде арнайы пилоттық жоба да бар. Сол өңірлердің қатарына Маңғыстау облысы да кіріп отыр. Аймақта электронды денсаулық сақтау паспортына көшіру шаралары қарқынды жүргізілуде. Жергілікті тұрғындардың 94 пайызы медициналық төлқұжатпен қамтылған.
Аталған нәтижеге қол жеткізу үшін медициналық орталықтардың мамандары тер төгуге мәжбүр болды. Алдымен аймақ тұрғындары туралы ақпараттарды қолға түсіріп, артынша денсаулық сақтау орталығына келген адамдардың мәліметтерін базаға түсірген. Бұл жүйенің ерекшелігі сол дәрігерлер бұрыңғыдай әр емделушіден сырқатнамасын сұрап әуре болмайды. Неге десеңіз, пациент туралы барлық мәлімет базада сақтаулы тұрады. Ол үшін ақ халаттылар науқастың жеке куәлігіндегі штрих-кодын сканер арқылы немесе картридер арқылы компьютерге оқыту қажет. Осылайша, емделушінің денсаулығы бойынша ақпаратына қол жеткізеді.
Электронды денсаулық паспортының басты пайдасы – бұл дәрігерлердің науқастың сырқатнамасымен жылдам танысуы және оның арқасында кенеттен келген науқасқа дұрыс ем жүргізе алуында. Бұл медициналық қателіктерге жол бермейді. Сондай-ақ, ауруын жасыратын адамдар да енді ондай қадамға бара алмайды. Себебі, барлық дұрыс дерек қорда тұрады. Айта кететіні, бұрыңғы тәсіл екі тараптың да көп уақытын алатын (дертін сұрау, оны қағазға түсіру). Ал қазіргі тәсіл бірден ем жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Маңғыстау облысында медициналық қызметті электронды нұсқада алуға байланысты мобильді қосымша жұмыс істеуде. Бұл бағдарлама мынадай қызметтерді ұсынады: қабылдауға жазылу, дәрігерді үйге шақыру, еңбекке жарамсыздық парағын толтыру, жазылған дәрі-дәрмектердің рецептерін көру, зертханалық нәтежилерін көруге және қиың жағдайда қауіп-қатер батырмасын баса алады.
Өңірдегі абзал жандардың айтуынша, мобильді қосымша арқылы науқастың мекенжайын білуге болады. Бұл әсіресе хәл үстінде жатқан адамға жедел жәрдем көлігінің тезірек баруына ықпал етеді. Нәтижесінде науқас уақтылы медициналық көмек ала алады. Бұған қоса, кез келген науқастың қай емханада емделіп жатқандығы анық жазылып тұрады.
Мұндай игілікті істердің барлығы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында орындалып отыр. Бағдарлама 2017 жылдың 12-ші желтоқсанында қабылданған болатын. Жалпы айтқанда, Қазақстанның мемлекеттік саясатындағы басты бағыттардың бірі – ұлт саулығын жақсарту, өлім-жітім көрсеткіштерін төмендету. Әрі халыққа көрсетілетін қызмет сапасын күн өткен сайын жақсарту. Осы тұрғыдан елеулі өзгерістер жасалып, заманауи технологиялар жоғары деңгейде енгізіліп жатыр.