Маңғыстау дәрігерлері науқас баланың жағдайы туралы айтты

0

Маңғыстау облысында он жасар баланың екпеден кейін басы ауырып, әлі күнге дейін басылмаған

АСТАНА, 17 наурыз — Sputnik. Екпеден кейін басы ауырып, басылмай қойған баланы қосымша тексеруге Астанаға жібермек. Бұл туралы Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі lada.kz басылымына хабарлады.

Маңғыстау-5 ауылында 10 жастағы баланың ауырып жатқанына бір жарым ай болған. Ата-анасының айтуынша, бұған себеп бала оқитын мектепте жүргізілген қызылшаға қарсы екпе болған екен.

Бала 29 қаңтар мен 4 ақпан аралығында облыстық балалар ауруханасында стационарлық ем қабылдайды. Алайда одан еш нәтиже шықпай, бас ауруы тоқтамаған.

28 ақпан мен 7 наурыз аралығында науқасты неврология бөліміне жатқызады. Дәрігерлер алты сағаттық электроэнцефалография жүргізіп, балаға диагноз қойыпты — симптомдық эпилепсия.

«Қазір дәрігерлер баланы үнемі бақылап отыр. Тиісті ем жүргізілуде. Өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл жайт тексеріліп, жақында анық-қанығы белгілі болады. Қазір балаға тыныштық керек», — деп атап өтті денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Баланы қосымша тексеруден өткізу үшін Астанаға жіберу жоспарланыпты.



sputniknews.kz