Маңғыстау-Ақтөбе пойызының жоғарғы сөресі екі баланың үстіне құлаған

0

Маңғыстаудан аттанған 309 Маңғышлақ-Ақтөбе пойызының купе вагонында жоғарғы сөре құлап кетіп, екі баланың үстіне түскен. Ауыр жарақаттар алған балалар қатты шошып қалған деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

bolshoyvopros.ru

Көрнекі фото:bolshoyvopros.ru

Оқиға 2 қараша күні Маңғышлақ-Ақтөбе пойызының ішінде болған. Оқиғаның мән-жайы Instagram-дағы zello.aktobe паблигінде жарияланды.

Жәбірленген балалардың анасының айтуынша, олар купе вагонында жол жүріп бара жатқан. Кенет бес жасар екі ұлының үстіне жоғарғы сөре құлап кетіпті. Әйел адам ауыр сөрені жалғыз көтере алмай, көмекке басқа жолаушыларды шақырған.

«Балаларымның үстінен ауыр сөрені үш ер адам көтерді. Сөренің құлауынан екі баланың бастары жараланып, маңдайлары жарылып, құлақтары тілініп, бастары көгеріп қалған. Екеуінің де миы шайқалған. Алғашқы көмек дұрыс көрсетілмегендіктен, жаралары іріңдеп кетті», — деп жазды балалардың анасы.

Балалар мен анасына қосымша медициналық және психологиялық көмек Опорный және Құлсары бекеттерінде көрсетілген екен.

Әйел адамның айтуынша, оқиғадан кейін одан да, балаларынан да ешкім кешірім сұрамаған. Пойыз вагондарының ескі және техникалық стандарттарға сәйкес емес екенін әйел адам кейін анықтапты.

Ал «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігіне оқиғаға қатысты пікір біодірген. Компания өкілдері оқиға туралы білетіндерін және жәбірленушілердің толық көлемде көмек алғандарын мәлімдеген.