Маңғыстау-Ақтөбе бағытындағы пойыздың вагоны «жоғалып кетті»

0

«Жоқ» вагонға билет сатып алған жолаушылар шу шығарды

АСТАНА, 22 наурыз – Sputnik. «Жолаушылар тасымалы» АҚ маңғыстаулық жолаушылардың наразылығын тудырған оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Lada.kz.

Белгілі болғандай, Маңғыстау облысының тұрғындары Ақтөбеге қатынайтын пойыздың 18-ші вагонына билет сатып алған. Алайда жолға шығатын күні стансаға келген кезде, өздерінің вагонын таппай қалыпты.

«Бүгінгі оқиға мүлдем ақылға қонымсыз. Стансаға келсек, Маңғыстау-Ақтөбе бағытындағы пойыз жолда тұр екен. Бірақ, ең қызығы, билетте көрсетілген №18 вагон жоқ болып шықты. Вокзал қызметкерлері бізге «жоқ» вагонның  билеті қалай сатылғанын өздері де білмейді», — дейді ашынған жолаушылар.

«Жолаушылар тасымалы» компаниясының ресми өкілі Диас Ахметшәріп бұл жағдайға түсініктеме беріп, Маңғыстау-Ақтөбе бағытындағы пойыз жолаушыларынан кешірім сұрады.

Тағы оқыңыз: Наурыз мейрамында қосымша пойыздар жолға шығады

Оның айтуынша, пойызды жолға дайындаған кезде жүк тасымалы қызметкерлері №18 вагонды тіркеуді ұмытып кеткен.

«Неге бұлай болғанын біз міндетті түрде анықтаймыз. Ең маңыздысы, бәрі шешілді. Пойызға қосымша вагон тіркеп, жолаушыларды отырғыздық. Пойыз белгіленген уақытта жолға шықты. Келтірген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», — деді ол.

 



sputniknews.kz