Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның чемпионы кәнкиге ақша таппаса да, Отанын сатқысы жоқ

0

Мәнерлеп сырғанаудың чемпионы Гүлжан Жұмаділова Startime краудфандинг (халықтың ақша жинап беруі, қазақшалап айтқанда жылу-ред.) алаңы арқылы қажетті киіміне ақша жинап жатыр екен. Мәскеуде жаттығып жүрген қызымыз 400 000 теңге тұратын жаңа кәнки сатып алуға қауқарсыз екендігін жеткізді. Әгәрәки халықтың күшімен жиналған сома межеден асса, Гүлжан өнер көрсетуге арналған қажетті киім-кешек сатып алуға қарсы емес.

Қысқасы, шығындар мынадай болмақ:

  1. Мұз – 75 000 теңге ($200)
  2. Кәнки – 400 000 теңге ($1080)
  3. Жаттықтырушының жұмысы– 150 000 теңге ($400)
  4. Костюм – 200 000 теңге ($540)

Барша отандастарына чемпион қыз Мәскеуде жүргеніне өз көлігін сатқан қамқор әкесінің алдында қарыздар екендігін айта отыра, өтінішін былайша жеткізді: «Арманым – кәнки тебу, шет елдердегі сайыстарда бой көрсету, Қазақстанның абыройын асқақтату, жас спортшыларды шабыттандыру. Мақсатыма жету үшін маған сіздер сияқты жаны ашитын, мейірімді жандардың қол ұшын созғандары қажет».

Бүгінгі таңда 113 000 теңгедей қаржы жиналып үлгерді. Жылдың аяғы яғни желтоқсанның 31-не дейін Гүлжан барлық қаражат жиналады деп үміттеніп отыр. Қарапайым отбасыдан шыққан қазақ қызы ақшаның жоқтығына қарамастан спортты тастағысы келмейді. 16 жасқа енді толған Гүлжан Жұмаділова көп ақша түссе, тиынына дейін тек спортқа қажетті дүниелерге жұмсайтынын айтты. Кәмелеттік жасқа толмаған дарынды спортшымыздың қасынан күндіз-түні анасы бір елі қалмайды екен.

«Мен Қазақстанға спортшы ретінде керекпін деп ойлаймын. Халықаралық деңгейлердегі сайыстарда маған үміт артса болады. Әке-шешем тығырыққа тірелді. Маған ресейлік демеушілер Ресейдің атынан өнер көрсетуге қолқа салып жатыр. Алайда мен өз Отанымды сатқым келмейді» деді Гүлжан.

Әйгілі спортшымыз Денис Теннің қазасынан кейін есеңгіреп қалдық. Кәнки әлемінде қазақтын атын дүркіретіп шығарып жүрген жалғыз өзі сияқты көрінді. Денистің өкшесін басып келе жатқан Гүлжан Жұмағұловаға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тарапынан қолдау көрсетіледі деген сенімдеміз.

«Қамшы» сілтейді