мамырдың соңына дейін 5 мың адам COVID-19 жұқтыруы мүмкін

0

Шекара жақын аймақтарда науқастардың саны артып отыр. Соңғы екі аптаның ішінде көрші елдерден келген 200 адамнан коронавирус анықталды

НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір – Sputnik. Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны қаншаға жететінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Жалпы, сәуірдің соңына дейін Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырудың 3 500 жағдайы тіркеледі деген болжам бар. Ал мамырдың аяғына дейін 5 300-дей болады», — деді Есмағамбетова бүгінгі онлайн брифингте.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі бұрынғы болжамды өзгертті. Себебі шекара жақын аймақтарда науқастардың саны артып отыр. Соңғы екі аптаның ішінде көрші елдерден келген 200 адамнан коронавирус анықталды.

«Бұның барлығы сыртқы қауіптік бар екенін көрсетіп отыр. Соның негізінде біз болжамды өзгерттік», — деп атап көрсетті Есмағамбетова.

Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында Ресейден келген адамдардан коронавирус анықталған болатын. Көрші елден келгендердің басым бөлігі – Қазақстан азаматтары. 

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, коронавирус анықталған адамдардың көбісі Мәскеуден келген. Ал өз азаматтарымызды қабылдап емдеу – біздің міндетіміз. Ресейден келген азаматтар елді мекендерге кірмейді. Оларды дереу шекарадағы өткізу бекетінен карантиндік стационарға жатқызып отырады. 

Қазіргі уақытта жүк немесе транзиттік жүктерді әкелетіндерді қоспағанда, шетел азаматтарына Қазақстанға кіруге тыйым салынған.



sputniknews.kz