Мамыр айындағы мерекелерді үйде атап өтуге тура келеді – президент
Президент халыққа жасаған үндеуінде күннің жылынуы мен карантиннен шаршағандық жауапсыздыққа себеп болмауы тиіс екенін ескертті
НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев карантин режимін қатаң сақтауға шақырды. Егер режим бұзылса, коронавирусқа шалдыққандар күрт өсуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Ақорда.
«Алдағы мамыр айындағы мерекелерді де үйде атап өтуге тура келеді», — деді Тоқаев өз мәлімдемесінде.
Президент күннің жылынуы мен карантиннен шаршағандық жауапсыздыққа себеп болмауы тиіс екенін ескертті. Карантин режимі бұзылса, індетке шалдыққандардың саны күрт көбейіп кетуі мүмкін.
Ол, әсіресе, созылмалы ауруы бар және егде адамдар ерекше сақ болуы керек екенін айтты.
«Тіпті, кішкентай балалар да ауру жұқтыруы мүмкін екенін байқадық. Сондықтан олардың денсаулығына бей-жай қарауға болмайды. Әзірге бұл вирустың вакцинасы жоқ. Карантин шараларын қатаң ұстансақ қана індеттен құтыламыз. Аса қажеттілік болмаса, ешқайда шықпай, үйде отырыңыздар», — деді мемлекет басшысы.
Айтуынша, карантин режимін сақтау, әсіресе, қазіргі Рамазан айында өте маңызды.
«Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Оразада бірқатар рәсімнен тартынуды ұсынды. Сондықтан осындай уақытта ауызашардың өзін көпшілікпен бірге өткізе алмайтынымыз белгілі», — деді ол.
Десе де, Тоқаев Жеңіс күнінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірде-біреуі елеусіз қалмайтынын ерекше атап өтті. Бәріне лайықты құрмет көрсетіледі.
Әкімдер соғыс және тыл ардагерлеріне материалдық көмек береді.
Айта кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Президенттің мәлімдемесінің толық мәтінін Ақорданың ресми сайтынан оқуға болады.
sputniknews.kz