Мамин жауап берді: Кімдердің зейнет жасы төмендетіледі?
Құтқарушылардың зейнет жасы төмендетілуі мүмкін. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин Қазақстан халық партиясының депутаттық сауалына берген жауабында айттты, деп хабарлайды kznews.kz сайты Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр, оның аясында мына мәселелер пысықталуда:
- азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемін, сондай-ақ әскери іс-қимылдарға жақын жағдайларда жұмыс істегені үшін үстемеақы төлеу;
- құтқарушыларды азаматтық қорғау органдарының арнаулы атақтар берілген қызметкерлері санатына ауыстыру арқылы олардың зейнет жасын төмендету;
- азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне қызмет бабына байланысты басқа елді мекенге қоныс аударған жағдайда көтерме жәрдемақы төлеу, өз мүлкін тасымалдау шығынын өтеу.
«Тұтастай алғанда азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен құтқарушыларын әлеуметтік қорғауды жақсарту мәселелері бюджеттің кіріс бөлігінің мүмкіндіктері басшылыққа алына отырып, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай ескеріле отырып қаралады және уәкілетті орган мен үкіметтің тұрақты бақылауында болады», — делінген хабарламада.