Мамин президентке өңірлердің індетке дайындығы туралы баяндады

0
14

Үкімет басшысы Тоқаевқа коронавирус жұқтырғандардың пайда болу ықтималдығына өңірлердің дайындығы туралы баяндады

НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр, төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Асқар Маминді қабылдады.

Премьер-министр, төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Асқар Мамин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа комиссияның жұмысы және ел аумағында коронавирус індетінің таралуына қарсы қабылданған шешімдер жайында баяндады.

«Мемлекеттік комиссияның төрағасы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиннің енгізілуі, экономика субъектілерін қолдау шаралары, коронавирус жұқтырғандардың пайда болу ықтималдығына өңірлердің дайындығы туралы айтты», – деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан президенті комиссия мүшелері жүйелі жұмыс істеп, аймақ басшыларымен өзара ынтымақтаса әрекет етуінің маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысының пікірінше, фискалды саясатты тиімді жүзеге асыру мәселесіне баса мән беру керек. Бұл ретте үкімет пен Ұлттық банктің үйлесімді іс-қимылдары аса маңызды.

Коронавирус эпидемиясы

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 35 адамға жетті. Нұр-Сұлтанда – 18 адам, Алматы қаласында – 17 адам.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жарияланды. Ол 30 тәулікке жалғасады.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 35 адамға жетті 

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылады. Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуына жол бермес үшін осындай шешім шығарды.

Ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының айналасында көлік пен адам қозғалысын шектеу үшін арнайы блок-посттар орнатады. Нұр-Сұлтан мен Алматыға осы қалаларда тіркелген азаматтар ғана кіре алады.



sputniknews.kz