Мамин: Коронавирус табылған елдердің азаматтары Қазақстанда жұмысқа алынбасын – Қазақстан жаңалықтары

0
23

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің коронавирус табылған елдердің азаматтарын мемлекетіміздің кәсіпорындарына жұмысқа алмауды тапсырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

премьер министр

Премьер-министр өңірлер әкімдіктеріне мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда, әсіресе, мектептерде, оқу орындарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сауда орталықтарында, базарларда және т.б. жерлерде эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейтуді тапсырды.

«Әкімдіктер мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі коронавирустық инфекцияның таралу деңгейі қолайсыз елдердің азаматтары үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беруді тоқтатсын», — деді Асқар Мамин.

Бұған қоса ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Берік Қамалиев, премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қазіргі жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Азаматтардың денсаулығын қорғау бойынша түбегейлі шаралар қабылдау мақсатында үкімет ҚР-да коронавирустық инфекцияны анықтау және тарату кезіндегі іс-қимыл алгоритмін әзірледі («Б Жоспары»).

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үкіметке халықты коронавирустық инфекциядан қорғау шараларын күшейтуді тапсырды. Әлемде жағдай ушығып кетті. Вирус 50-ден астам елге таралып үлгерді және өте белсенді түрде таралуда. Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирус жұқтырған адам жоқ. Сондықтан барлық алдын алу шараларын жалғастыру қажет. Вирус сондай-ақ әлемдік экономикаға, атап айтқанда, өнеркәсіпке, транзитке, сауда мен экспортқа кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдау қажет», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы денсаулық сақтау министрлігіне мемлекеттік шекараның барлық өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтуді және іс-қимыл алгоритмінде жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыруға дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ үкімет басшысы кейбір мемлеткеттерге ұшатын рейстерге шектеу қоюды тапсырды.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коронаровирус белсенді түрде таралып жатқан елдерге тұрақты рейстерді шектесін. Сондай-ақ, біздің фармацевтикалық кәсіпорындарда медициналық маскалар мен басқа да қорғаныс құралдары өндірісін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді премьер-миниcтр.

Үкімет басшысы ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларын түсіндіру бойынша халықпен сапалы ақпараттық жұмыс жүргізуді тапсырды.

stan.kz