Мамин Арыстағы жарылыстан кейін жөнделген үйде болды – видео
Премьер-министр Арыстағы жарылыстан кейінгі өзгерістерді өз көзімен көрді
НҰР-СҰЛТАН, 11 шілде — Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Арыс қаласында зардап шеккен үйлерді, әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерді қалпына келтіру жұмыстарымен танысу үшін Түркістан облысына барды.
Үкімет басшысы өңірлік штабтар жұмысын тексеріп, «Көктем-1», «Көктем-2» ықшам аудандарындағы тұрғын үйлерді, мектеп, балабақша, темір жол вокзалы ғимараттарын, қалалық аурухананы қалпына келтіру барысын аралап көрді.
Асқар Мамин жұмыс сапары барысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және Атырау өңірінің басшысы Нұрлан Ноғаевпен бірге Арыстағы жарылыстан кейін қалпына келтірілген үйде болды.
Сонымен қатар премьер Халыққа қызмет көрсету орталығына барды, деп хабарлады үкімет басшысының ресми сайты.
Түркістан облысының штабында Асқар Маминге Арыс қаласының тұрғындарына 100 мың теңгеден өтемақы төлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды.
©
Photo : пресс-служба премьер-министра Республики Казахстан
Арыстағы үйлердің құрылысы
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша премьер-министрдің төрағалығымен Арыс қаласын қалпына келтіру мәселелері жөнінде кеңес өтті.
Кеңесті қорытындылаған Асқар Мамин қаланы қалпына келтіру жұмыстарына еліміздің барлық өңірі, ұлттық компаниялар, ірі бизнес өкілдері белсенді қатысып жатқанын айтты.
«Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша барлық негізгі жұмыс 1 тамызға дейін аяқталуы тиіс», — деді Асқар Мамин.
sputniknews.kz