Мамин 42 500 теңге кімдерге төленетінін айтты

0

Жәрдемақы карантиннің күшейтілуіне байланысты жұмысы шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың өтінімі негізінде төленеді

Үкімет басшысы Асқар Мамин шілде айына әлеуметтік жәрдемақы кімдерге берілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен шектеу шаралары кезінде табысынан айырылғандарға әлеуметтік жәрдемақыны ең төменгі жалақы мөлшерінде бір айға төлеу туралы шешім қабылдап отырмыз. Төлем карантиннің күшейтілуіне байланысты жұмысы шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың өтінімі негізінде жүргізіледі», — деді Мамин үкімет отырысында.

Сонымен қатар, премьер-министр еңбек министрлігіне азаматтардың жекелеген санатына азық-түлікке ақшалай көмек беруді жалғастыруды тапсырды. Бұл санатқа бір миллионнан астам адам кіреді.

Еске сала кетейік, президенттің тапсырмасымен республикада карантин тағы екі аптаға, екінші тамызға дейін ұзартылды.