маман қалай емдеу керектігін айтты
АСТАНА, 25 қаңтар — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Құмар ойындарға шектен тыс тәуелді болу — адамның ауруға шалдыққанының белгісі. Ал одан емделу үшін астарында не жатқанын анықтау қажет. Әдетте ойыншы өзінің тәуелділігінің себебіне үңілуден бас тартады. Құмар ойындарға салыну маскүнемдік, есірткіге тәуелділік секілді адам ағзасына аса қауіпті болмаса да, жанын қатты жаралайды. Ал жан жарасы тән ауруына қарағанда жиырма есе қатты болады. Яғни оны емдеу үшін айтарлықтай көп уақыт пен күш-жігер қажет. Осылай дейді Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова.
Осы орайда, қазақстандық маман психоаналитикалық зерттеулер барысында анықталған құмар ойындарға тәуелділіктің ең жиі кездесетін тоғыз себебін атады. Сондай-ақ, олардың әрқайсысын түсіндіріп өтті.
«28 жастағы пациентім есірткіге тәуелді болды. Эмоционалдық тұрғыдан жетілмеген, тым әлсіз жігіт. Оның әлі күнге дейін әкесімен ашылып сөйлесуді армандап жүргенін анықтадық. Әкесінің жасы қазір алпысқа таяп қалған. Сонда әкесі 30 жыл бұрын баласының жанында болмай не істеп жүрді? Әрине, ол күнкөріс қамымен жүрді, бала-шағасын асырау үшін күн-түн демей жұмыс істеді. Мұндайда шүйіркелесіп сөйлесу деген қайдан болсын? Кейін әкесінің өз асқар тауынан ерте айырылғанын анықтадық. Ал өз әкесінен жан жылуын көрмеген адам бала-шағасын махаббатқа бөлей алмайды», — дейді психоаналитик Анна Құдиярова.
Жігіт небәрі 3 жасында әкесінің өзін аяусыз ұрып, мұрнын қанатқанын еске алған. Бүлдіршін үшін мұның өте ауыр соққы екені сөзсіз. Яғни ол бүгінгі таңда бейсаналы деңгейде есірткіге тәуелді болу арқылы әкесін жазалап жүр. Себебі, оның барлық қарызын бүгінде әкесі жабады. Анна Құдиярованың айтуынша, бүгінгі таңда қазақ қоғамында есірткі, ішімдік және құмар ойындарға тәуелді адамдардың көп болуының бірден-бір себебі осы.
Тағы оқыңыз: Бала зорланғанын неге бірден әке-шешесіне айтпайды?
«Ата-анасына қатты ренжіген бала оларға ашық түрде қол жұмсай алмайды. Әсіресе, Шығыстағы отбасыларда. Есесіне олар ата-анасының орнына көшеде кетіп бара жатқан кез келген адамды ұрып жіберуі мүмкін», — дейді психоаналитик.
Бірінші себеп — бейсаналы мастурбация
Бір таяқтың екі ұшы болатыны секілді мастурбацияның да пайдалы және зиян тұсы бар. Әдетте балалар бұл ләззатты ойын арқылы алады. Ойын барысында балалар ерекше әсерге бөленіп, осылайша ересек шақтағы жыныстық қатынасқа дайындалады. Сондай-ақ, мастурбация жасөспірімдік шақта да әртүрлі теріс қадамға барудан сақтандырады. Ал жасы үлкендер жыныстық қатынас кезіндегі ләззатты казино, автомат, карта секілді ойындармен алмастырып жатса, бұл адамның эмоционалдық тұрғыдан жетілмегенінің белгісі. Бүгінгі таңда көптеген интернет клубтан ересек азаматтардың жас балаша ойын ойнап отырғанын көруге болады. Сондай-ақ, ләззатты дәл осы жолмен жиі алу да зиян. Ал адамның құмар ойындар арқылы бейсаналы мастурбация жасауының себебі әркімде әртүрлі болуы мүмкін.
Екінші себеп — қорғаныш механизмдерін алмастыру
Шетелдік психоаналитик Нэнси Мак-Вильямс өзінің «Психоаналитикалық диагностика» атты еңбегінде қорғаныш механизмдерін бірінші және екінші сатылы деп бөліп, әрқайсысына сипаттама береді. Алғашқысына 10, кейінгісіне 15 қорғаныш механизмі кіреді. Маманның айтуынша, бұл қорғаныш механизмдерінің қолданылуының екі негізгі себебі бар. Олар — адамның бейсаналы деңгейде ауыр қайғы, ұят, көреалмаушылық, кінә сынды сезімдерді сезінбеуге тырысуы; өзіне берер бағасын түсіріп алмау. Түсініктірек болуы үшін бірінші сатылы «Жоққа шығару» атты қорғаныш механизмін алайық. Мысалы, көптеген адам жақынының қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды естігенде «Жоқ-жоқ, олай болуы мүмкін емес. Мен сенбеймін. Бұл менің түсім» дегендей айтып, басын шайқайды. Яғни осы сәтте жан ауруын сезінбеу үшін шындықты жоққа шығарады.
Енді екінші сатылы «Ысырып тастау» механизміне мысал келтірейік. Психоаналитик кабинетіне келген әйел отасқанына бірнеше жыл өткеніне қарамастан, төсектес болудан қорқып жүрген болуы мүмкін. Көпке дейін мұның себебін өзі түсінбейді. Әкесімен де, ағасымен да, күйеуімен де қарым-қатынасы жақсы. Алайда ұзақ уақыт анализден кейін кішкентай кезінде көрші баланың тарапынан қорлық көргені белгілі болады. Осы жағдайды ол жадынан толықтай өшіріп тастаған. Яғни құмар ойындар да адамға өміріндегі ең қиын сәттердің бірін еске алудан сақтандыратын қорғаныш механизмі ретінде қолданылуы мүмкін. Әсіресе, күні-түні ойнайтын адамдар үшін.
Тағы оқыңыз: Психоаналитик қандай адамдардың түс көрмейтінін айтты
Үшінші себеп — жан жарасын ұмыту
Құмар ойындарға тәуелді адамдардың өміріне үңілетін болсақ, әйтеуір бір ауыр жарақат алғанына көз жеткізуге болады. Ол бірінші мысалдағыдай балалық шақта алған жарақат болуы да мүмкін. Бірақ, ол мысалда ер адам мұны әкесін жазалау үшін істеп отыр. Ал басқа жағдайларда бұл ауыр қайғысынан арылудың бір тәсілі болуы мүмкін.
Төртінші себеп — өлімнен қашып құтылу мүмкін еместігіне иланбау, болашақта маңызды бір нәрседен айырылып қалудан қорқу
Адамның бейсанасы үшін осы тұста «бір нәрсені жоғалтып алудан қорқу» деген ғана түсінік бар. Ал қорқыныш, шын мәнінде, біздің осы нәрсені қатты қалайтынымызды білдіреді. «Өлімнен қатты қорқамын» дейтін адамдар шын мәнінде суицидке ұмтылады. Сол секілді бірнәрсені жоғалтып алудан қорқатын адамдар да өздерінің бейсаналы қалауларын құмар ойындар арқылы жүзеге асырады. Ойыншылардың бірнәрсе деп меңзейтіні өз өмірі болса, бұл бейсаналы деңгейде өлімге деген құштарлығы. Күн сайын құмар ойындар ойнап, ұтылатын адамдар қыруар қаржысынан айырылады. Ал ақша адамның бойындағы күш-қуатының өлшемі. Көп ұзамай ақша кейпіндегі «күш-қуаты» таусылған ойыншының тәуелділіктің ауыр түріне салынып, ақырында өмірімен қош айтысатыны сөзсіз. Әрине, дер кезінде есін жинап, маманға емделмесе.
Бесінші себеп — мазохизм арқылы күнәдан арылуға тырысу
Психоанализде қолданылатын «мазохизм» термині жарақат пен қайғы-мұңға деген сүйіспеншілікті білдірмейді. Мазохист әдетте өзін мақсатқа жету үшін ауыр жолмен жүріп өту керек деген оймен жазалайды. Бүгін көп жылап, қиналсам, ертең осының қайтарымына күлемін деп ойлайды. Мысалы, әйел өзін күн сайын соққыға жығатын күйеуімен айырылысқысы келмейді делік. Ол мұндайда өзін «Айырылысқан жағдайда бұдан да жаман нәрсе болуы мүмкін» деп ақтайды. Яғни адам құмар ойындардан бүгін жеңілсе, ертең міндетті түрде жеңіп, барлық материалдық қиындығымды шешемін деп ойлайды.
Алтыншы себеп — өзін-өзі қорлау
Мұндайда адамдар өзіне «Бүгін соңғы рет ойнаймын. Кейін мүлдем жоламаймын» деп өзіне уәде береді. Кейін бұл уәделерін ұмытып, тағы да ойнайды. Тіпті, ұмытпаған болса да, өзін ұстай алмай қиналады. Ал сөзінде тұрмаған адамды ешкімнің де жақтырмайтыны сөзсіз. Әсіресе, уәдені беруші де, қабылдаушы да адамның өзі болған кезде.
Жетінші себеп — депрессиядан арылуға тырысу
Адам депрессияға өзі үшін маңызды бірнәрсені немесе адамды жоғалтқан кезде түседі. Кей жағдайда ересек шақтағы депрессия адамның сәби күнінде емшектен ерте, беймезгіл уақытта шығуымен байланысты болады. Әсіресе, емшектен сегіз айлығында, осы сегіз айға жақын уақытта шығару сәби болашағы үшін зиян. Себебі, сәби 8 айлығынан бастап адамдарды алыс-жақын деп ажыратады. Ал жақын адамы керек кезде жанынан табылмаса, оның қандай күйде болатынын елестетіп көріңіз: мұң, мазасыздану, жылау және т.б. Оның үстіне бір жылдан кейін депрессия меланхолияға ұласып, арты суицидке дейін барады. Саналы түрде адам депрессияға шалдыққанын ұмыту үшін құмар ойындарға салынады.
Тағы оқыңыз: Анна Құдиярова күлкі терапиясының пайдасы туралы айтты
Осы тұста Шаурукх Хан психоаналитиктің рөлін сомдайтын «Қымбатты, өмір» фильмін мысалға келтіруге болады. Кайра есімді бойжеткенді ата-анасы бала күнінде туысқандарына қалдырып кетеді. Ол әке-шешесімен сөйлескен сайын өзін алып кетуді өтінеді. Бірақ олар оның бұл тілегін орындамайды. Кейін ересек шақта Кайра жігіттермен қарым-қатынас құра алмай қатты қиналады: қарым-қатынаста бақытты екеніне қарамастан, өзі жігіттерге бірінші болып айырылысуды ұсынады. Осының себебін түсінгісі келіп психоаналитик маманға барады.
Анализ барысында Кайраның әлі күнге дейін «Жақын адамы тастап кетеді» деп қорқатыны анықталады. Яғни осы кездегі сезімді қайта басынан өткермеу үшін өзі бірінші болып жігіттерді тастап кетеді. Сондай-ақ, ол әке-шешесінен ала алмаған өшті жігіттерден алады. Ең бастысы, психоаналитик маман оған көмек қолын созып, мұны түсінуге көмектеседі.
Сегізінші себеп — өзін Құдайдай сезіну, яғни «Қолымнан келмейтін ешнәрсе жоқ» деген жалған ой
Кей адамдар казинода немесе карта, компьютер ойындарында міндетті түрде жеңіске жете аламын деген алдамшы ойдың жетегінде жүреді. Құдды кішкене бала секілді. Сәбилер алғашқы айларда «Кішкене жылаған едім, тамақ та келді, жылу да келді. Менің қолымнан бәрі келеді екен» деп ойлайды. Яғни мұны анам мен әкем және т.б. адамдар жасап жатыр деп ойламайды. Сәбидің бұлай ойлауы ақылға сияды. Ал ересек адамда бұл жауапкершіліктің жоқ екенін білдіреді. Жауапкершілігі жоқ адамдар барлық жағдайға айналасындағыларды айыптауға бейім келеді.
Тоғызыншы себеп — тағдырымның тізгінін қолға алдым деген жалған ой
Бір қарағанда дұрыс әрекет секілді болып көрінгенімен, мұның астарында өзін уысынан шығармай тәрбиелеген анаға деген қарсылық жатыр. Анасы тым қатал болып, көп тыйым салған болса, бала құмар ойынға салыну арқылы оны жазалайды. Сондай-ақ, осылайша ол өмірінің тізгінін өз қолына алдым деп ойлайды.
Ал, Сіз құрметті оқырман, құмар ойындарға тәуелді адамдар туралы не ойлайсыз? Олардың өздерін қолға ала алмауының себебі неде?
Дереккөз: https://sputniknews.kz/