Маман «дельта» штаммының ерекше белгілерін айтты

0
780

Коронавирустың дельта штаммы, басқаша атауы үнді штаммында ауру агрессивті формада өтеді. Белгілерге сай, адам өзінің ауырғанын сезбеуі де мүмкін. Себебі КВИ-дің мұндай мутацияланған түрі жасырына алады. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов «дельта» штаммының ерекше белгілерін атау кезінде айтты.

Тимур Мұратовтың айтуынша, коронавирустың «Дельта» штаммында ауру ауыр формада өтеді. Сонымен қатар бұл штамм аса біліне қоймайтындықтан, жұқтырған адам ауырғанын байқамай қалуы мүмкін.

“Дельта» штаммының ерекшеліктері: ол агрессивті, алғашқы уақытта іш қатты ауырады. Яғни пациенттердің көбісі іші, асқазаны ауыратынын айтып жатады. ПТР-тест алған кезде науқастардың өкпеге айтарлықтай зақым келгені анықталуда”, – деді Мұратов.

Айтуынша, «Дельта» штаммы өте тез жұғады. Оның инкубациялық кезеңі 7 күннен аспайды, көптеген науқаста 3-4 күнде іші ауырып, 5-6-күндері жөтеліп, өкпесі зақымдалады.

Дегенмен, басқарма басшысы вирус қалай мутацияланса да, онымен күресте вакцина алу тиімді екенін атап өтті.

Сондай-ақ Тимур Мұратов жаңадан вакцинацияланған адам вирус тасымалдаушы бола алмайтынын айтты.

“Бұл мүмкін емес, ол адамда тірі вирус жоқ. Ол ағзада көбеймейді. Вакцинаның мақсаты – иммунокомпетентті жасушаларға жету және оларды қоздыру арқылы, иммуноглобулин түрінде жауап алу, яғни антидене шығарады. Бұл жасушаның жады пайда болады және ол вирус келгенде жеткілікті мөлшерде антидене шығара бастайды. Яғни ағзаны қорғау үшін белгілі бір мөлшерде антиденелер әрдайым қанның құрамында болады”, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.