«Мама, қиналып кеттім»: Шымкентте қайтыс болған студент оқиғасы

0

Шымкентте жатақханада қайтыс болған студенттің туыстары колледж әкімшілігін кінәлады.

23 қыркүйек күні Шымкенттегі М.Өтебаев атындағы жоғарғы жаңа технологиялар колледжі жатақханасында қайтыс болған 16 жастағы студент Дүйсен Нұрхаттың ата-анасы колледж әкімшілігіне келіп, марқұм баласынан ақша талап еткендерді тауып беруді, оған жол берген қызметкерлерді көрсетуді талап етті.

Марқұмның анасы Айжан Қашағанованың айтуынша, соңғы кезде ұлы туған-туыстарынан, дос-жарандарынан ақша сұраған. Олар қиналып жатыр екен деп ақша берген. Бірақ ол ақшаны кімге бергенін, қайда жұмсағанын ешкім білмеген.

— Баламнан әлдекімдер ақша талап еткен. Қорқытқан. Қайтыс болғаннан бұрын хабарласты. «Мама, қиналып кеттім» деді. Артынан «1 айдан соң пәтерге шығамын» деді. Не болды деп едім, «үйренемін, шыдаймын, оқуды қалай да бітіремін» деді. Бар айтқаны – осы. Үйге келгенде сөйлесемін дегем. Бірақ өлігі келді, – дейді етегі жасқа толған марқұмның анасы.

Қашағанованың айтуынша, Дүйсеннің мінезі момын, мейірімді болған. Бала кезінен спортпен айналысқан. Қол күрестен жарыстарға қатысқан.

Дүйсен Нұрхат кеше түнде колледж жатақханасында кеудесі мен иығына тиген соққыдан қайтыс болған. Оны туыстары туған жері Түркістан облысы Түлкібас ауданы Пістелі ауылына жерледі.

Марқұмның туыстары оған әлдекімдер күш көрсетіп, ақша алып отырған деп санайды. Колледж ғимаратына келіп бұған жол берген қызметкерлерді көрсетуді, олардың жауап беруін талап еткенімен ешкім шықпады. Оларға жауап беру үшін қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева келді.

 Оқиғаға байланысты құзырлы органдар тергеу жүргізуде. Бұдан бөлек білім басқармасынан арнайы комиссия құрылды. Мәселе тәртіптік кеңесте қаралады, – деді Тәжиева.

Бұдан бұрын білім басқармасы 1-курс студентінің ауыр соққыдан есін жоғалтқанын мәлімдеген. Жедел жәрдем шақырылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілгенімен оның өмірін дәрігерлер сақтап қала алмаған.

Полиция студенттің кеудесі мен иығына екі жігіттің ұрғаны жөнінде ақпарат таратты. Бірақ олардың ұсталғаны не ұсталмағаны әзірге белгісіз.

Қалалық тергеу соты Orda.kz тілшісіне бұл оқиғаға байланысты полициядан күдіктінің бас шарасын белгілейтін қандай да бір іс түспегенін хабарлады.

Полиция оқиғаға байланысты Қылмыстық Кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен (106-бап) қылмыстық іс қозғаған. Арнайы сараптама тағайындалған, тергеу жүріп жатыр.

Марқұм отбасындағы бес баланың екіншісі, төрт қыздың ішіндегі жалғыз ұл болған. «Сандық техника» мамандығы бойынша білім алған. Түркістан облысы Түлкібас ауданы Пістелі ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 9-сыныбын бітірген.