«Мама, мені неге ойламайсың? Тірімін ба, өлімін ба, білмейсің»: 16 жастағы қыз «тірі жетім» атанған — Қазақстан жаңалықтары

0

Он алты жастағы Айғаным Тоқмұханбетова «тірі жетімнің» күйін кешкен. Анасы қызды екі жасында нағашыларына тастап кеткен. Бұл туралы «Астарлы Ақиқат» бағдарламасы хабарлайды.

Айтуынша, туған анасы керек етпей, төркініне тастап кетіпті. Ол тіпті туған әкесінің кім екенін де білмейді. Туыстары «тексіз» деп тілдеп, таяқтайды екен.

«Менің өз анама қоятын сұрақтарым бар, туған әкемнің кім екенін білгім келеді. Мен басқа балалар сияқты махаббатты сезіне алмадым. Кішкентай кезімде тастап кетті, содан бері анамнан мейірім де, жақсылықта көрген емеспін. Мама, мені неге ойламайсың? Тірімін ба, өлімін ба, білмейсің, көрінгеннің үйіне жібересің. Мен ашпын ба, тоқпын ба, оны да білмейсің!Осы күнге дейін сені сағынатынымды да білмейсің»,-дейді қыз жыламсырап.

Нағашы атам мен апам 5-сыныпқа дейін бақты. Ол кісілер қайтыс болды. Содан кейін анама бардым, бірақ онда мені сыйдыртпады. Түртпектеп, тиісіп, сен жетімсің деп айтатын»,-деп еске алады. 

Айтуынша, екінші әкесі қызға жетімсің, менің қызым емессің деп айтады екен.

«Басқалардан өз әкемнің Рысбек екенін естідім. Көрген емеспін, іздеген жоқ. Анаммен соңғы рет ауруханаға түскен кезде жолықтым. Екі жыл бұрын. Өгей әкем ішіп алып шашымнан сүйреп ұрды, киімдерімді өртеп, далаға лақтырды»,-дейді қыз.

Кеген аулында тұратын қыздың анасы Анар күйеуімен мал бағады екен. 

«Былтыр көргем биыл көрген жоқпын, ақша жіберген емеспін. Қалаға барғалы жіберген емеспін.

Айғаным, қай жақта жүрсің өзі, неғып жүрсің, не істеп жүрсің?»,-дейді анасы үйіне іздеп келген арна тілшісіне берген сұхбатында. 

Жатақханада тұрамын. Осыған дейін пәтерде тұрдым, шәкіртақымнан төлеп тұрдым. 

«Кафеде түнгі 12-ге дейін жұмыс істедім, сабағыма үлгермей кеткен соң шығып кеттім»,- дейді Айғаным. 

«Ата-анам бағып беремін деген соң сол кісілерге тастап кеттім. Өзім жұмыс істедім. Тұрмысқа шықпай босандым 25 жасымда»,-дейді қыздың анасы. 

«Күйеуім жуас адам, Айғанымға қол тигізген емес»,-дейді анасы. 

«Әкесі тірі, бірақ кім екенін айта алмаймын. Бір жылдай бірге тұрдық. Оған айтпағанмын. Әкесі біледі, қызы бар екенін»,-дейді бастапқыда анасы.

Кеген ауданының тұрғыны Рысбек өзінің қызы бар екенінен бейхабар.

«Анар деген әйелмен қарым-қатынаста болғанымыз рас. Келін етіп түсіргем, кейін босанған соң оның ата-анасы балаларын өз атына жаздырып алды. Атын өзім Айғаным деп қойғанмын. Қазір жасы 16-да болуы керек. Неғып ол қыз 16 жасқа жейін маған келмеген?»,-дейді Айғанымның әкесі.

Алайда Рысбек өзінің Айғанымның әкесі емес екеніне сенімді екенін айтады.

Ал өгей әкесі оған қол көтергенін мойындаған.

«Бір-ақ рет қол көтердім. Айтқанға көнбеді. Бауырым екеумізді төбелестірді, мылтықпен атам деп қорқытқаным рас»,- дейді қыздың өгей әкесі Серік Әлімбеков.

«Үйге түнгі 2-3-те келеді. Қайда жүргенін білмеймін. Бала кезден кіші дәретін ұстай алмайды»,-дейді Анардың сіңлісі. 

Айғанымның әжесі немересін жақын тартатынын айтты.

«Мектепке барғанда анасы 30 мыңге беріп мектеп формасын алып бердік. Осы қызды ойлап әлі де қиналамын, қайда жүр, не істеп жүр екен деп, 11-сыныпқа дейін өсіріп берем деп келіскенбіз»,-дейді әжесі Ақылай Нұрғазиева.

«Маған келген кезде бұл қыз шіркін-ай, оқып білім алсам, анамның балаларын өзіне ұрғызып қойғанша, қолыма алар едім деген болатын. Анар, сен сол сенімді ақтамадың»,-дейді әжесі. 

«Алтын сұрады ма, киім сұрады ма, тек аналық мейірім сұрады. Бұл баланың оқитынына мектептегілер де сенген жоқ. Тұрмысы төмен отбасы деп айтып, әрең алды. Сонда ен жүгіріп жүріп бармаған есігім жоқ. Куәлігін бір күннің ішінде жасаттым»,-дейді әжесі.

TreeGene сараптамалық орталығы биологиялық туыстыққа талдау жасаған. Сараптама қорытындысы бойынша, Егизбеков Рысбек, Айғанымның әкесі емес екені дәлелденген. 

17 жыл жасырған ақиқатты анасы студияда айтты.

«Сенің әкең Рысбек емес, сенің әкең Саят деген біреу. Екеуміз танысып, үйленейін деп жатқанда, оның әкесі қайтыс болып Шымкентке кету керек болды. Ол Айғанымның бар екенін білмейді. Базарда таныстық, бет-әлпеті есімде жоқ»,-деді анасы. 

Бағдарлама соңында Айғаным анасын кешіріп, екі жақ татуласқан. Ал Айғаным медициналық диагностикадан өтетін болады.

 

stan.kz